АҚШ президенттігіне үміткерлер Хиллари Клинтон мен Дональд Трамп арасындағы бетпе-бет теледебаттың ең соңғы үшінші раунды өтті. Сайлау алдындағы кездесу Лас-Вегас қаласындағы Невада университетінде ұйымдастырылды. Бұл жолы кандидаттар дебатты бір-бірінің қолын алып, амандаспастан бастап кетті. Пікірталас кезінде заңсыз миграция мәселелері, әйелдердің жасанды түсік жасауы және америкалықтардың қару ұстаудағы құқықтары қызу талқыға түсті. Атап айтқанда, Трамп елге заңсыз келетін мигранттар ағынын тежеу үшін АҚШ-тың оңтүстік шекарасында дуал салғысы келетінін қайта атап өтті. Сайлауға Республикалық партия атынан түскелі отырған үміткер, сондай-ақ, осы жолмен есірткі тасымалына да тосқауыл қоюға болатынын мәлімдеді. Клинтон болса, қарсыласының бұл көзқарасымен мүлдем келіспейтінін жеткізді. Бұған қоса, ол президент болып сайланған жағдайда, әйелдер құқығын қорғауға уәде берді. Ал, Трамп елдегі халықтың қаруды еркін ұстау құқығын шектемейтінін айтқан. Демократиялық партия өкілі болса, қару-жарақ иелерін егжей-тегжейлі тексеру қажет деген ой білдірді.  

 

Айта кетейік, АҚШ-та президенттік сайлау 8-ші қарашаға белгіленген. Саяси дода алдында қос кандидат арасындағы талас-тартыс өршіп келеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер