Бельгияның Валлония аумағының парламенті Еуроодақтың көптеген елінде мақұлданған Канадамен еркін сауда аумағын құру келісіміне қарсы шықты. Аталған құжатқа 27 қазанда қол қойылуы тиіс еді. Алайда Бельгиядағы Валлонидің қарсылық танытуына байланысты сауда министрлері құжатты бекіткен жоқ. Жуырда парламент Келісімге қол қоюға тыйым салды. Бельгияның шаруалары трансатлантикалық әріптестіктің дамуынан қауіптенуде. Олардың пікірі бойынша әріптестік ЕО-қа  мұхиттың ар жағынан келетін тауарлардың импортын өсіріп, Еуропаның ауыл шаруашылығын әлсіретуі мүмкін.

 

Поль МАНЬЕТТ, ВАЛЛОНИЯ ҮКІМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Әлеуметтік тәртіптің  іс жүзінде сақталғанын қалайтын болсақ, еңбек туралы конвенцияның  жүзеге асуын, экология мен мемлекеттік қызметтер жұмысының жақсаруын талап ету үшін бірлесіп күресуге тиістіміз. Біз келіссөздер арқылы осындай биік стандарттарды бекітетін келісімге ұмтылуға  тиістіміз.  Сонда ғана біз  нағыз еуропалық стандарт осы деп айтатын боламыз!  Міне, басты мәселе сонда. Сондықтан біз келіссөздерге  және аталған Келісімге жоқ деуіміз керек!

 

Бельгияның заңнамасы бойынша, барлық өңір құптамаса, Үкімет келісімге қол қоюға дәрменсіз. Еуроодақ та өз кезегінде қоғамдастықтың барлық мүшелері мақұлдағанда ғана келісімді бекіте алады. Дегенмен,  Брюссельдегілер бүгін өтетін ЕуроОдақ Саммитінде сауда келісімі әлі де көпшіліктің қолдауын табады деп  үміттенуде.

 

Дональд ТУСК,  ЕУРОКЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ:

Барлық әлеуметтік әріптестеріме  Канадамен еркін сауда аумағын құру туралы Келісімді талқылап, жиынға қатысқандары үшін алғысымды айтамын.  Біздің қазіргі  мақсатымыз - Келісім мәселесі бойынша Бельгияның алаңдаушылығын ескере отырып, бір ымыраға келу. Келіссөздер әлі де жалғасуда. Себебі бұл процесс саяси жағынан қиындау болып шықты.

 

Сесилия МАЛЬМСТРЕМ, ЕО САУДА БОЙЫНША КОМИССАРЫ:

Егер біз Канадамен  Келісімге қол қоймайтын болсақ,  қалған елдер Еуропаның  қаншалықты сенімді әріптес екеніне күмәндана бастайды. Ал ол біздің болашақтағы сауда саясатымызға  әсер етуі мүмкін.  Мен келісімге келеміз деп сенемін, себебі  бұл Келісім  Еуропаның жұмысшылары, тұтынушылары мен кәсіпкерлері үшін  шынымен де қолайлы.  Ол Канада секілді  жақсы әрі  прогрессивті әріптеспен басқа да тұрақты  даму  мәселелері бойынша бірлесіп еңбек етуге жақсы негіз береді.

 

ЕО пен Канаданың сауда келісімі еуропалық шаруалар қарсы шыққан соң қыркүйек айында қаралмай қалған ЕО пен АҚШ арасындағы еркін сауда туралы Трансатлантикалық келісімге жол ашуға тиіс еді. Келісімнің қарсыластары дүниежүзілік компанияларға шексіз мүмкіндік беретін құжат ЕО-тың еңбек және экологиялық стандарттарын төмендетеді деген ойда. Ал жақтастары ол Еуропаның  экономикасын  бір жылда 13,5 миллиард АҚШ  долларына ұлғайтып, екі жақты сауданы 20 пайызға арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға септігін тигізеді деп отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер