Биыл желтоқсанның 17-сінде Қытайдың Юньнань провинциясындағы Куньмин қаласында Шанхай ынтымақтастығы ұйымының марафонын өткізу жоспарланып отыр. Аталған қалада спорттық шараның таныстырылымы өтті. Жарыс ұйымның 15 жылдық мерейтойына арналады және жыл сайын өткізіліп тұрмақ. Жеңімпазға 40 мың АҚШ доллары беріледі. Қатысушылар 42 шақырым 195 метр қашықтыққа жүгіреді.

 

Рашид АЛИМОВ, ШЫҰ БАС ХАТШЫСЫ:

Біз марафон жыл сайын дәстүрге айналып, Шанхай саммитін немесе маңызды шараны өткізетін мемлекетте ұйымдастырып тұруға жағдай жасаймыз. Қазақстанның Шанхай ұйымына төрағалығы кезеңінде бірқатар салмақты шаралар жоспарланып отыр, келешекте олар да жақсы үрдіске айналуы мүмкін. Меніңше, Қазақ елінің ұйымға төрағалығы осымен ерекшеленеді.

 

Марафонға Шанхай алтылығына мүше мемлекеттер ғана емес, диалог жөніндегі әріптес әрі бақылаушы елдер де қатысады. Барлығы - 18 мемлекет. Жоспар бойынша жарыста 15 мың адам бақ сынайды.

 

Рашид АЛИМОВ, ШЫҰ БАС ХАТШЫСЫ:

Біз ерекше марафон өткіземіз. Оның ерекшелігі сол бес кезеңге бөлінеді. Жартылай, 10 шақырым, 5 шақырым және қашықтығы 2016 метрге жететін «шанхайлық миля» болады. Оған барлық жастағы азаматтар қатыса алады. Біз осылайша кімді де болса марафонға қатысуға шақырамыз, бұл біздің ортақ рухымызды күшейте түседі.

 

Қазірдің өзінде Шанхай марафонын насихаттап, таратуға халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары қызығушылық танытып отыр. Ал Қытайдың орталық телеарналары жарысты тікелей эфирде көрсететін болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер