Қытайда баспана құны аспандап кетті. Қыркүйекте елдің 70 қаласында 1 шаршы метрдің құны шамамен 2% өскен. Бұл бір жылға шаққанда жалпы баға 15% өсті деген сөз.  Билік бұған алыпсатарлар кінәлі деп отыр. Қазір елдің барлық  аймақтарында оларға қарсы түрлі шаралар қабылдап жатыр. Мәселен, Бейжіңдегі жер бағасы қатаң бақылауға алынып, жаңа тұрғын үйлердің құнына шектеу енгізілді. Сонымен бірге, несиеге алынатын пәтердің алғашқы жарнасы да өсті. Бірінші рет үй алам деген адамнан кем дегенде бағаның 35% талап етіледі. Ал, екінші мәрте баспана алатындар тең жартысын төлейді.

 

Пэй Лифэнь, пәтер алушы

«Баға күн сайын қымбаттап барады. Менің туыстарым да таныстарым да баспана алу үшін жанталасып жүр».

 

Бейжіңде баспаналы болғысы келетіндер көп. Бірақ ақшасы бола тұра, екінің бірі пәтер сатып ала алмайды. Өйткені Қытай астанасында жылжымайтын мүлік алуға шектеу қойылған. Тек бас қалада туған немесе арнайы тіркеуі барлары ғана үй алады. 

 

Гао Чунфаң, риелтор

«Елдің бәрі астанада тұрғысы келеді. Баға соңғы уақытта тез өсіп жатыр. Неге? Өйткені қалаға ағылған халық көп, ал пәтер саны аз. Сондықтан бір адамға бірнеше баспана алуға шектеу қойылған».

 

Т: Шығыс Қытайдағы Аньхой провинциясының орталығы Хэфэй қаласында тұрғын үй сатып алуға берілетін несиелер де қадағалуға алынды. Ал Шэньчжэньде шектеудің жаңа түрлері пайда болды. Мысалы, басқа жақтан көшіп келгендер осы қалада соңғы 5 жылда төлеген салығының куәлігін көрсетуі тиіс. Бұрын бұл мерзім 3 жылмен ғана шектелетін. Бойдақ тұрғындардың қаладан екінші пәтер сатып алуға мүлде құқы жоқ. Қазір жергілікті билік көпқабатты тұрғын үйге жер телімдерін бөліп, қалада шаршы метрі кіші үйлердің үлесін арттырмақ.

 

Гао Мо, Чжэнчжоу қаласының тұрғыны

«Меніңше пәтер бағасының тым қымбаттап кетуіне ауқатты азаматтар кінәлі. Олар ақшасын сақтау үшін жаппай жылжымайтын мүлікке салады. Өйткені баспана бағасы күнен күнге қымабаттап келеді».

 

Жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаны реттеу шаралары Сямэн және Ухан қалаларында да жүргізіліп жатыр. Дегенмен мұндай саясаттың салдарынан Қытайда екі пәтер алу үшін өзара келісіммен ажырасқан жұптардың да қатары да күрт көбейіп кеткен. 

 

Сурет: anashina.com

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер