АҚШ-та «Мэтью» алапат дауылының салдарынан қаза тапқандардың саны 33 адамға жетті. Бұл туралы жергілікті телеарналардың бірі билікке сілтеме жасап хабарлады. Көз жұмғандардың дені- Солтүстік Каролина штатының тұрғындары. Апаттан онда 14 адам ажал құшты. Тағы 3 тұрғын із-түссіз кеткендердің санатында. Бұған дейін аталған штаттың билігі Ленуар округінде дауылдың салдарынан су тасқынының басталу қаупіне байланысты халықты эвакуациялау жұмысын қолға алған болатын. «Мэтью» дауылы Канада тұрғындарын да әбігерге салып отыр. Қатты жел мен толассыз нөсерден ондағы Жаңа Шотландия провинциясында электр желілері үзіліп, 50 мыңнан астам адам жарықсыз қалған. Аймақтың Сидни қаласында 225 миллиметр мөлшерде жауын-шашын түскен. Осының салдарынан тасжолдарды су шайып, көпірлер қирады.  

 

Айта кетейік, соңғы он жылда Атлантика аумағында соққан ең жойқын «Мэтью» дауылы өткен аптада Кариб бассейніндегі елдерде ойран салған болатын. Дүлей дауыл Гаитиде мыңнан астам адамның өмірін жалмап, тырысқақ ауруының таралуына себеп болып отыр. 

 

Сурет: censor.net.ua

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер