Брюсселде өткен Ауғанстан демеушілерінің халықаралық конференциясында осы елге 15,2 млрд доллар қаржы бөлінетіндігі белгілі болды. Көмек алдағы 4 жылда толықтай берілмек. Конференцияға 80 елдің өкілдерімен қатар, қазақстандық делегаттар да қатысты. Тараптар әуелі Ауғанстанның болашақ бағыт-бағдарын айқындауға басымдық берді. Екіншіден, экономикалық және құқықтық реформаны жүзеге асырып қана қоймай, жемқорлықты жою шаралары айтылды.

 

Федерика МОГЕРИНИ, ЕО СЫРТҚЫ ІСТЕР ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК САЯСАТЫНЫҢ ЖОҒАРҒЫ ӨКІЛІ:

Біз бүгін  осы жерге жиналған барша халықаралық бірлестіктер 2017 мен 2020 жылдар аралығында Ауғанстанға жалпы соммасы  15,2 млрд қаржы бөледі деген келісімге келдік.

 

Ерлан ЫДЫРЫСОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Қазақстан қашанда Ауғанстанның тұрақтануына өзіндік үлесін қосып келеді. Бұл ретті біздің Ауғанстанға қол ұшын беретін ұлттық бағдарламамыз бар. Санаулы жылдар ішінде Қазақстан  20 млн доллардан астам гуманитарлық және техникалық көмек көрсетті. Әрине біз Ауғанстандағы қауіпсіздік пен терроризімге қарсы күресті толықтай құптаймыз. Осы тұста Қазақстан халықаралық күш-құрылымдарына қолдау көрсету аясында 2 млн доллар қаржы бөледі. Мен бұл конференция Ауғанстанның ауқатты өмір сүруіне қолғабыс етеді деген ойдамын.

 

Қазақстан Ауғанстанға білім беру саласында бірегей жобаны жүзеге асыруда. Бөлінген 50 млн доллар бұл елдің бір мың студентіне білім нәрімен сусындауға мүмкіндік берді. Нақтырақ айтсақ, Қазақстанның жоғары оқу орындарынан білім алған 300 түлек дипломмен елдеріне оралған.

 

Закария ХАССАНИ, ЖУРНАЛИСТ (АУҒАНСТАН):

Біз Ауған елінің азаматтарына барынша көмек көрсетіп отырған қазақстандық достарымызға шексіз ризамыз. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың  бекемдей түскенін қалаймыз. Сіздер білесіздер біздің ел білім саласында көмекке өте зәру. Бұл орайда біз үшін Қазақстанның орыны бөлек.

 

Ерлан ЫДЫРЫСОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Қазақстан  2017 жылдың қаңтарынан бастап БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне мүшелік етеді. Яғни біз Ауғанстан мен Орталық Азияға ерекше ден қоятын боламыз. Біз халықаралық серіктестеріміздің көмегімен Ауғанстандағы ахуалға оң ықпал етеміз деген сенімдемін.

 

Конференцияға қатысушылар 2024 жылға дейін  Ауғанстанды  аяғына нық тұрғызуға келісті.

 

 

 

Сурет: tvoygorodpskov.ru

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер