Түркияда төтенше жағдай мерзімі ұзартылуы мүмкін. Президент Режеп Тайып Ердоғанның төрағылығымен өткен Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің шешіміне сәйкес Парламентке арнайы ұсыныс жасалады. Шілденің 15-інде болған әскери төңкеріс әрекетінен соң елде 3 айға төтенше жағдай жарияланған. Ал оның уақыты қазанның 10-на аяқталуы тиіс еді. Сондай-ақ қауіпсіздік кеңесінің отырысында 15-ші шілде әскери төңкеріс әрекетін түрік тарихында мәңгілікке қалдыру үшін «Демократия және еркіндік күні» ретінде белгілеу ұсынылды.

 

Өмер Өзкая, саясаттанушы

Қауіпсіздік маңызды, ма әлде демократия ма? Кейбір сырт күштер Түркияны осындай дилеммалық сұрақтың астына алып, жан-жақты сынауға бейім. Біз 30-40 жыл бойы күрд жасақтарына қарсы соғысып жатырмыз. Кез-келген ел ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтірген лаңкестік ұйымға қарсы тиісті шаралар қабылдауы заңдылық. Сол себепті мен үшін төтенше жағдай режимі қанша уақытқа ұзартылуы емес, оның соңғы нәтижесі маңызды.

 

Алайда төтенше жағдай мерзімінің ұзартылуына қатысты жаңалықты көпшілік әртүрлі қабылдады.

 

Орхан Эрялчын Ыстамбұл қаласының тұрғыны

Төтенше жағдай режимі қажеттіліктен енгізілуде. Халқымызды қан қақсатқан содырлардың көзін біржола жою үшін осындай батыл қадам жасауға тура келуде. Әлбетте, мамыражай күн кешкенге не жетсін?! Уайымсыз өмірді кім қаламайды дейсің?!

 

Гюркан Кая, Ыстамбұл қаласының тұрғыны

Үш жылдан бері такси жүргізушісі болып жұмыс істеймін. Соңғы уақытта жол полициясының артуы мен көлікті есепсіз тоқтатып тінту жасаудан ұзын-сонар кептеліс туындайтын болды. Әсіресе әуежайға кіріп-шығу мұңға айналды. Соның кесірінен жолаушылар бізге арыз-шағымын білдіруде. Осыған орай, елімізде төтенше жағдайдың тағы да ұзартылғанын қаламаймын. Барлығы баяғы қалыпты күйіне көшуін тілеймін.

 

Сурет: www.interfax.ru

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер