Нью-Йоркте АҚШ президенттігіне үміткерлер Хиллари Клинтон мен Дональд Трамп арасында бетпе-бет дебат өтті. Бұл кездесу 100 миллионға жуық көрерменді көгілдір экран алдына жинады.

 

Бір-бірінің қолын алып, амандасқан қос кандидаттың әрқайсысы алдымен қысқаша мәлімдеме жасады.

 

Дебат кезінде қызу талқыға түскен тақырыптардың арасында АҚШ экономикасын жандандыру, салық мәселелері, АҚШ-тың халықаралық саясаты болды. Атап айтқанда, Дональд Трамп елдегі ірі кәсіпорындарға жүктелген салықтық ауыртпалықты төмендетуді көздеп отырғанын жеткізді. Осылайша компаниялар өсіп-өркендеп, жаңа жұмыс орындары ашылады деп сенеді. Оның бұл көзқарасын қатаң сынға алған Хиллари Клинтон өз жоспарының орта таптағы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын айтты.

 

Сайлауға демократиялық партия атынан түскелі отырған кандидат америкалықтардың барлығы үшін тиімді экономиканы құруға уәде берді.

 

Жергілікті CNN телеарнасы алғашқы теледебатта Хиллари Клинтонның жеңіске жеткенін хабарлады. Сауалнама нәтижелеріне сәйкес,  пікірталас аяқталған соң оны респондеттердің 62 пайызы, ал Трампті 27 пайызы қолдаған екен.  

 

Айта кетейік, АҚШ-та президенттік сайлау 8-ші қарашаға белгіленген. Саяси дода алдында қос кандидат арасындағы талас-тартыс та өршіп келеді. Соңғы сауалнама нәтижесіне сәйкес, Клинтон мен Трамп арасындағы дауыс айырмашылығы тек 2-4 пайызды құрап отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер