Мысыр жағалауында босқындар мінген кеме апатқа ұшырады. Соңғы мәліметке сәйкес, оқиға орнынан 43 адамның жансыз денесі табылған. Тағы 400-ге жуық кісінің тағдыры әлі де белгісіз, деп хабарлайды Рейтер. 600-дей келімсекті тасымалдаушы кеме сәрсенбі күні таңертен Бухейра провинциясының маңында суға кеткен көрінеді. Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, оның бортында Еуропаға заңсыз өтуді көздеген Мысыр, Судан, Эритрея және Сомали азаматтары болған. Жағалау күзеті апаттан соң 155 босқынды судан аман алып шығып, ауруханаға жеткізді. Қалған мигранттарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Алдын-ала болжамға сәйкес, кеменің суға батуына ондағы адамның тым көптігі себеп. Оның нақты қай елге бет алғаны белгісіз. Ал, хабар-ошарсыз кеткен жақындарының тағдырына алаңдаған ондаған адам жағалау күзетінің бақылау-өткізу бекетінде жиналды.

 

Шаабан ДАРВИШ, ЖОҒАЛҒАН МИГРАНТТЫҢ ТУЫСЫ:

Мен немере інім туралы хабар күтіп отырмын. Біз апат туралы естісімен, ол туралы жағалау күзетіне хабарладық. Алайда, біздің билікті адамдардың өмірі еш алаңдатпайды. Себебі, олар әскери-теңіз флотын тартқанда мұнша кісі көз жұмбайтын еді.  

 

Мысыр премьер-министрі Шериф Исмаил биліктің апаттан соң із-түссіз кеткендерді іздестіруге бар күш-жігерін салатынын және бұл оқиғаға кінәлілердің жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

 

Айта кетейік, Еуропаға теңіз жолы арқылы өтуді көздейтін босқындардың саны күн санап артып келеді. Алайда, қауіпті сапарға шыққан адамдар көбіне қайғылы оқиғаларға тап болып жатады. Биылғы жылдың алғашқы жартысында осындай жағдайда 2800 адам көз жұмған екен. Бұл былтырғы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.

 

 

 

Сурет: www.corriere.it

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер