АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатында халық жаппай ереуілге шықты. Олардың наразылығына полиция қызметкерінің қаруланған қара нәсілді ер адамды атып өлтіруі түрткі болған. Жергілікті телеарнаның хабарлауынша, оқиға сейсенбі күні кешке Шарлотт қаласында болған екен. Шаһардың солтүстік-шығысында күдіктілердің бірін іздеу жұмыстары кезінде тәртіп сақшылары қолына қару ұстап, автокөліктен шыққан ер адамды байқаған көрінеді. Полицияның есебінде «ер адам офицерлердің өміріне қауіп төндіргендіктен оған қарсы оқ атылды» деп баяндалған. Кейін ол ауруханаға жеткізілген екен. Десе де, дәрігерлер ер адамның өміріне араша түсе алмапты. Қаза тапқан адамның 43 жастағы Кейт Ламонт Скотт есімді афроамерикалық екені анықталды. Ал, оның жақындары Скоттың өзімен бірге қару алмағанын мәлімдеді. Бұл оқиғадан соң шаһар тұрғындары полицияға өз қарсылығын білдіру үшін жаппай көшеге шықты. Ереуілшілер орталық көшелердің бірін бөгеп тастаған көрінеді. Тәртіп сақшылары жиналғандарды тарату үшін көз жасаурататын газ қолданған. Екі жақты текетіресте 10-нан астам офицер жарақат алды.

 

Сурет: telegraf.com.ua

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер