Коста-Рика 100% жасыл энергияға көшті. Бұл туралы ел президенті Луис Солис Орталық Америкадағы ең үлкен су электр станциясының ашылу салтанатында мәлімдеді. Латын Америкасындағы бұл ел Астанада келер жылы өтетін ЭКСПО көрмесіне қатысатынын мәлімдеген. Бір шетін Тынық мұхиты, екінші жағын Кариб теңізі шайып жатқан Коста-Рикада су электр стансалар жүйесі жақсы дамыған. Оған қоса, жанартау мен жел күшін де тиімді пайдаланып отыр.

 

Луис Пачеко, Коста-Риканың электр қуатымен қамтамасыз ету институтының директоры

Мемлекет сұранысын баламалы қуат көзімен толтыруға барынша тырысып жатырмыз. Жыл сайын электр өндіру үшін көмір мен жанармай пайдалануды қысқартудамыз. Өткен жылы 99% жасыл энергия тұтындық. Биыл 100%-ға жеткізіп әлемге үлгі көрсетпекпіз. Бірақ басты мақсатымыз - рекорд жасау емес, элетр өндіруде қоршаған ортаға кері әсер ететін химиялық тәсілді доғарып, табиғи жасыл экономиканы қолдану.

 

2015-ші жылы Коста-Рика тұтынған қуаттың 97% баламалы энегрия көздерінен өндірілген. Оның 65% - су электр стансаларынан, 15% - желден, 13% - геотермалдық жолмен, 2%-дан астамы биомасса және күн сәулесінен алынған. Бірер күн бұрын ел президенті Орталық Америкадағы ең үлкен "Ревентазон" атты жаңа су электр стансасын іске қосты. Нысан 525 мың үйді жарықпен қамтамассыз етуге қауқарлы. Енді Коста-Риканың басы артық жасыл энергияны өзге елдерге сатуға да мүмкіндігі бар.

 

Луис Солис, Коста-Рика президенті

Біз "Жасыл энергияны" дамыту жобаларын жасап отырған жалғыз емеспіз. Алайда біздің жеткен жетістігіміз орасан зор. Жаңа рекорд орнаттық. Соңғы 83 күн бойы 100% энергия баламалы қуат көздерінен алынуда. Өткен жылы 365 күннің 250 күнінде таза жасыл энергияны тұтындық.

 

Алдағы жылы Астанада өтетін "ЭКСПО" көрмесі баламалы қуат көздерін дамытуға арналған. Көрме комиссары Рәпіл Жошыбаевтың айтуынша, халықаралық шара жасыл энергияны дамытуда әріптестік орнатуға берік негізі болмақ . Ал оған Коста-Риканың қатысуы - үлкен жетістік. 

 

Сурет: tonkosti.ru

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер