Бразилия сенаты ел президенті Дилма Русефті биліктен кетірді. Саясаткерге импичмент жариялауды қолдап 61 заң шығарушы дауыс берген екен. 20 сенатор мемлекет басшысының отставкасына қарсы шықты. Осылайша, Русеф өзінің президенттік қызметінен біржолата босатылды. Мемлекетті 2018-ші жылдың соңына дейін вице-президент Мишель Темер басқаратын болды. Десе де, сенат Русефті  алдағы 8 жылда мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырмады. Сенаттың импичментке қатысты шешімінен соң Бразилия тұрғындары жаппай көшеге шықты. Олардың бірі бұл жаңалыққа ашық түрде қуаныштарын білдіріп жатса, Русефті жақтаушылар керісінше наразылықтарын жасыра алмады.

 

Карла Сантини, бразилиялық тұрғын:

61 сенатордың даусы барлық Бразилия халқының тағдырын шешпеуі тиіс. Олардың көзқарасы біздікімен сай келмейді. Осыны жеткізу үшін көшеге шығып отырмыз.

 

Фернандо Холидей, бразилиялық тұрғын:

Біз президентке импичмент жариялауды 2 жыл бойы талап еттік. Ал, бүгін өз жеңісімізді тойлап жатырмыз.

 

Ал, өз жақтастарының алдында сөз сөйлеген Дилма Русеф болса, импичмент жариялау үрдісін парламенттік төңкеріс деп атады. Бразилиялық сенаттың шешіміне Боливия, Венесуэла мен Эквадор секілді бірқатар елдер де өз қарсылығын білдіріп, ондағы өз елшілерін шақыртып алды. Ресми Каракас тіпті Бразилиямен арадағы барлық саяси және дипломатиялық байланысты уақытша үзу туралы шешім қабылдаған екен. 

 

Еске салсақ, 12-ші мамырда Бразилия сенаты Дилма Русефке импичмент жариялау үрдісін бастап, оны уақытша қызметінен шеттету туралы шешім қабылдаған еді. Оппозиция Русеф бюджет тапшылығын жасырып, жемқорлыққа барды деп есептейді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер