Еуропа қалаларындағы террорлық шабуылдардан кейін Германияда қаруға деген сұраныс артты. Қару алып қамданғандардың бірі - Сальватор Мичеллоти. Шүріппені басып, атудың машығын меңгерген. «Сақтықта қорлық жоқ. Оқ ататын күн тумасын»,- дейді.

 

Сальватор МИЧЕЛЛОТИ:

 

Алғаш рет өз қауіпсіздігім туралы 2001 жылғы терактіден кейін ойлана бастадым. Сол уақытта өзімді және отбасымды қандай жағдайдан болмасын қорғаймын деп шештім. Германиядағы дүрбелендерден кейін үкімет АҚШ-тағыдай заңды оңтайлап, жаппай қару алуға рұқсат етуі тиіс.

Бұл күні немістер дүкен сөрелеріндегі көз жасаурататын газ, травматикалық қару мен электрошокерлерді көптеп алуда. Былтырғымен салыстырсақ, сату көлемі екі есе артқан. Ресми дерек бойынша, жыл басынан бері Германияда өзін-өзі қорғауға 400 мың лицензия берілген.

 

Кристоф КЮТТНЕР, ҚАРУ ДҮКЕНІНІҢ ҚОЖАЙЫНЫ:

 

Мәселен, Мюнхендегі атыстан кейін дүкеніме келушілердің қатары күрт артты. Біз тек рұқсат етілген қаруларды сатамыз. Германияда ондай 4,5 млн қару бар. Бірақ, одан бөлек айналымда қаншама заңсыз  мың қару жүр.

 

Заңсыз қару айналымы шынында неміс билігі үшін бас қатырған басты мәселеге айналды. Мюнхендегі қанды оқиғада тіркелмеген тапаншадан 18 жастағы иран азаматы 9 адамды жайратып, 30-н жаралады. Мұндай сойқандарды сирету үшін үкімет, енді заңды күшейтуге кіріскелі отыр. 

 

Сурет: xo.ua

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер