Португалияда соңғы күндері өрт  жергілікті билікті біраз әбігерге салды. Өрттен қатты зардап шеккен өңірдің бірі Мадейра аралы. Орманды кеулеген от аралдың әкімшілік орталығына дейін жетіп, 160 -тан астам үйді күлге айналдырды. Дегенмен билік бұл әлі нақты мәлімет емес деп отыр. Келген шығын көлемі одан да көп болуы мүмкін. Себебі аймақ экономикасы тікелей туристердің келуіне байланысты. Бұқаралық ақпарат құралдарында өрт туралы ақпараттарды  туристер қаперге де  алмаған сыңайлы. Өйткені  соңғы аптада мұнда ағылған саяхатшылар саны мүлде азаймаған.  

 

Силви КОЛЛО, БЕЛЬГИЯДАН КЕЛГЕН САЯХАТШЫ:

 

Мұнда күндегі күйбең тірліктен арылып, табиғатта тыныстап демалу үшін келдім. Дегенмен орман өртеніп жатыр екен. Бірақ билік оны толықтай бақылауға алдық деп хабарлады. Сондықтан демалысты осында өткізуге келгеніме өкінбеймін.  

 

Антонио ЛУЧАНО, ИТАЛИЯДАН КЕЛГЕН САЯХАТШЫ:

 

Будақтаған көк түтінді көріп, иісін сездім. Бірақ үрейленгенім жоқ. Тіпті оның орман өрті екенін жаңалықтардан білдім. Қызыл жалын  біз демалып жатқан жердің маңына да жуыған жоқ.

 

Португалияның Мадейра аралындағы өрт өткен аптада басталған.  Еурокомиссияның гуманитарлық көмек және азаматтық қорғаныс басқармасының мәлімдеуінше тілсіз жаудан 5 адам қаза тауып, 300-ден астамы зардап шекті. Келген шығын көлемі 55 миллион еуроны құрайды. Айта кетерлігі жергілікті билік Мадейродағы өрт қасақана қойылғанын айтады. Осыған байланысты кейбір күдіктілерден жауап алынып жатыр.

 

Сурет: kievphotosite.com

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер