Жапонияның Нагасаки қаласында атом бомбасының құрбандарын еске алу шарасы өтті. Мыңдаған адамның өмірін қиған қайғылы оқиғаға бүгін тура 71 жыл толып отыр. Осыған байланысты жапон халқы шаһардағы Бейбітшілік саябағында жиналып, атом жарылысының құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл қойды. Шараға ел премьер-министрі Синдзо Абэ қатысты. Ол Жапония халқы бастан кешірген жантүршігерлік оқиғалардан соң әлемде ядролық қарудың таралуына жол бермеудің маңыздылығын атап өтті.   

 

Синдзо АБЭ, ЖАПОНИЯНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жапония соғыс кезінде атом бомбасы тасталған жалғыз ел болды. Сондықтан да, мен ядролық қаруды таратпау ұстанымын қолдап, нығайтудың маңыздылығын барынша насихаттаудан шаршамаймын.

 

1945-ші жылдың 9-шы тамызында сол кездегі АҚШ президенті Гарри Труманның бұйрығымен Жапонияның Нагасаки қаласына ядролық бомба тасталып, салдарынан 74 мыңға жуық адам қаза тапқан еді. Одан бірнеше күн бұрын Хиросима қаласы да әуеден шабуылданған. Қос қаладағы атом жарылысынан бас-аяғы 200 мыңнан аса кісі ажал құшты. Бұл шабуылдардан кейінгі радиациядан мыңдаған адам түрлі індеттерге шалдықты.

 

Биыл мамыр айында Хиросимаға АҚШ президенті Барак Обама барды. Ол атом шабуылынан бергі 71 жыл ішінде қалаға аяқ басқан алғашқы америкалық президент болды.

 

 

 

Сурет: www.dianliwenmi.com

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер