Түркияда сенбіге қараған түні әскери төңкеріс жасау әрекетіне қатысы бар 2800-ден аса адам қамауға алынды. Бұл туралы ел премьер-министрі Бинали Йылдырым мәлім етті. Оның айтуынша, бүлік кезінде 161 адам қаза тапқан, бір жарым мыңға тарта азамат жарақат алған. Бұдан бұрын 194 адамның қазасы туралы хабарланған болатын. Қазір түрік үкіметі елдегі ахуалды өз бақылауына алғанын мәлімдеуде. Йылдырым бар кінәні ел армиясындағы «параллель құрылымдарға» жүктеді. Бұл жерде ол уағыздаушы Фетхулла Гюленнің жақтаушыларын айтып отыр. Президент Режеп Тайып Ердоған бүлікшілердің әрекеті ұлттық бірлікке және ел әскеріне деген сенімге селкеу түсіруге бағытталған деп есептейді. Мемлекет басшысы кінәлілердің барлығы жауапқа тартылатынын жеткізді.

 

Режеп ТАЙЫП ЕРДОҒАН, ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Түркияда халықтың дауыс беру арқылы сайланған басқарушы партиясы және президенті бар. Біз ары қарай да өз міндеттерімізді атқаруға ниеттіміз. Біз мемлекетті бүлікшілердің қолында қалдырмаймыз. Олардың қолына қару алып, оны халыққа, біреудің анасына, әкесіне кезеуі дұрыс емес. Олай істегендер қатаң жауапқа тартылады. Бұл топ әскери төңкерісті тамызда өтуі тиіс Жоғарғы іскери кеңестің отырысы алдында жасамақ болған.

 

Түркия аумағында қарулы бүлік 15-ші шілде күні кешке болған. Әскерилер тобы Анкара мен Ыстамбұлдағы бірнеше стратегиялық нысанды басып алған.  Олар тіпті авиацияны да қолданған. Мына кадрларда ел парламенті ғимаратының әуе соққыларынан қатты зардап шеккенін көруге болады. Қазіргі уақытта бүлікті ұйымдастырғандардың басым бөлігі қамауға алынды. 5 генерал мен 29 полковник қызметінен босатылды.

 

 

 

Сурет: www.rbc.ua

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер