Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстерді мейілінше тез арада жандандыруға пәрмен берді. Бұл туралы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады. Түрік еліндегі оқиғалардан кейін 9 отандық, 6 шетелдік әуе компаниясының 15 ұшағы рейстен алынған болатын. Олармен 2 мың 300 адам жол жүру керек еді. Ал, Түркияға жоспарлаған сапарларынан бас тартқан азаматтарға "Air Astana" әуе компаниясы билеттердің толық құнын қайтарады және ол үшін айыппұл талап етпейді. Айта кетейік, бұл - 2016 жылдың 15 тамызына дейін Ыстамбұл мен Антальяға ұшатын рейстерге қатысты шешім.

 

Еліміздің Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Берік Камалиевтің айтуынша, қазір бауырлас елде демалып жатқан 2500 қазақстандық бірер күнде қайту керек. Бүгінде ведомство Сыртқы істер министрлігімен және туристік компаниялармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

 

Берік КАМАЛИЕВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Түркияға демалуға баратын біздің азаматтардың барлығына Алматы, Астана, Қарағанды, Орал, Ақтау қалаларының әуежайларында барлық жағдай жасалған. Қазір Түрік азаматтық авиация басшыларымен байланыстамыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер