Францияның Ницца қаласындағы қастандық террорлық шабуыл деп танылды. Елдің ұлттық мерекесін тойлап Ағылшын жағалауына шыққан көп қауымды қаскөй жүк көлігімен қағып, 80 адамды ажал құштырды. Одан соң маңайға оқ жаудырып, тағы жүздеген адам жараланған. Көпшілігі ауыр халде. Жүргізушіні тоқтату үшін жергілікті полиция оны атып өлтірген. Қаскөй тегі тунистік 31 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Жергілікті арналардың мәліметіне қарағанда, ол бұған дейін ұсақ-түйек қылмыстармен тәртіп сақшыларының қолына бірнеше рет түскен. Әзірге оның лаңкестік топтармен байланысы бар-жоғы белгісіз. Алайда Франция президенті Франсуа Олланд "Жүргізушінің мақсаты - барынша көп адамды басып жаншып, өлтіру болған, сондықтан бұл - теракт" деп мәлімдеді. Қастандықтан қаза тапқандардың қатарында балалар да бар. Осы шабуылдан кейін Ницца қаласында террорлық қауіптің ең жоғарғы деңгейі жарияланды. Ал ел аумағында 26-шы шілдеде аяқталуы тиіс төтенше жағдай тағы 3 айға созылды.

 

Франсуа ОЛЛАНД, ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

 

Жүк көлігінің жүргізушісіның басты мақсаты 14-ші шілде күні мерекені тойлауға шыққан жұртты басып жаншып, өлтіру болған. Оның көзі жойылды. Әзірге қаскөйдің сыбайластарының бар жоғы белгісіз. Бүкіл Франция аумағына террорлық шабуыл қауіпі төнді. Сондықтан сақтық шараларын барынша күшейтіп еш босаңсымау керек. Терроризммен күресте бізді ешкім де тоқтата алмайды. Керісінше біз Ирак пен Сириядағы іс-әркеттімізді одан да күшейтетін боламыз.

 

Соңғы мәліметтерге қарағанда, қаза тапқандар мен жарақат алғандардың арасында Швейцария, Ұлыбритания, Испания және Ресей азаматтары бар. Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрілгі зардап шеккендердің қатарындағы қазақстандықтар туралы ақпарат түспегенін хабарлады. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі, әлем мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары Ниццадағы шабуылды қатаң сынға алды.  

 

Сурет: lenta.ru

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер