Қазақстан ядролық қарудан азат аймақ ынтымақтастығын қолдайды

Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бастамалары халықаралық деңгейде қолдау табуда.  Ядролық қарусыз аймақтар арасындағы өзара әрекеттестікті нығайту мәселелері Қазақстанның БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде талқыланды. Бұл іс-шара арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыз аймақтарды құрайтын елдердің кездесуін өткізу бастамасы жүзеге асырылды. Қазақстанның Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова кездесудің қатысушыларына ядролық қарусызданудың жаһандық үдерісіне және таратпау режимін сақтау жайлы баяндады.

ЖАНАР АЙТЖАНОВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ШВЕЙЦАРИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

- Біздің Президентіміз осы жылдың қаңтар айында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жиынында бірнеше қарусыздандыру туралы ұсыныстарын жасаған болатын. Осы ұсыныстарды жүзеге асыру мақсатында наурыз айында біздің мемлекетіміз ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қол қойды. Бүгінгі жиынның барысында біз басқа мемлекеттерді осы шартқа қол қоюға шақырдық.

ХАРАЛЬД MЮЛЛЕР, ФРАНКФУРТ БЕЙБІТШІЛІК МӘСЕЛЕЛЕРДІ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Қазақстан - Орталық Азиядағы ең үлкен мемлекет. Және ядролық қарусыз аймақты құруда жетекші рөл атқарады. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымында маңызды дауысқа ие мемлекет. Сол себепті Қазақстанның ядролық қарудан азат аймақ бойынша ынтымақтастықты кеңейту бастамасын өте мұқият тыңдадым. Осы іс-әрекеттің арқасында ел жоғары деңгейге жетеді деп ойлаймын.