Қазақстан Орталық Азия мүддесін жаһандық деңгейге көтерді

Қазақстан Орталық Азия мүддесін жаһандық деңгейге көтерді

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Орталық Азияның мүддесін қорғаудың үздік үлгісін көрсетті. Еліміз халықаралық ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы кезінде аймақтың жалпы дамуымен қатар, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру сынды мәселелерді жаһандық деңгейде көтерді. Соңғысына қатысты түйткілдің күрмеуін босату үшін  елдің экономикалық мүмкіндіктерін арттыра түсу керек. Сондықтан Қазақстан әлемдік қауымдастықты оны қауіп-қатер аумағы ретінде қарамай, экономикалық әлеуеті ашылмаған серіктес ел деп бағалауға шақырды. Еліміздің бастауымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде ұйымдастырылған министрлер пікірталасы да осы тақырыпқа бағытталды. Бұл халықаралық аренада қызу талқыға түскен дискуссияға айналды, дейді шетел сарапшылары.

МАТИАС ДОРНФЕЛЬД, САЯСАТТАНУШЫ, /ГЕРМАНИЯ/:

 - Қазақстан Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға үлкен мән беріп келеді. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен кезде де Қазақстан Ауған мәселесін көтеріп, елге қаржылай демеу жасады. Республика халықаралық дау-дамайларды шешуде бітімгер мемлекет ретінде танылып жүр. Сирия мәселесінің Астанада өткен келіссөзері осы айтқанымның енді бір дәлелі.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан медиатор мемлекет ретінде Ауған мәселесіне бей-жай қарай алмайды. Өйткені ондағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тегістей Орталық Азияның тұрақты дамуының кепілі болмақ. Сондықтан Ауғанстанның экономикалық тұрғыда ілгерілеуінің халықаралық деңгейде көтерілуі аса маңызды, дейді мамандар. 

КАРИНЕ ГЕВОРКЯН, САЯСАТТАНУШЫ, /АРМЕНИЯ/:

 - БҰҰ өкілдерінің Кабулға алғаш рет сапар шегіп баруына Қазақстан түрткі болды. Бұл да Қазақстанның халықаралық деңгейде іске асырған табысты бастамаларының бірі. Осылайша, қазақстандықтар ауған мәселесіне алаңдаулы екендіктерін іс жүзінде танытып, Кабулға сапар ұйымдастырды. Бұл ондағы жағдайды іштен зерттеп, елде қауіпсіздік орнатуды жеделдете түсетін таптырмас шешім деп ойлаймын. 

«Келісіп тіккен тон келте болмас» демекші, Ауған мәселесін шешуде Орталық Азия мемлекеттері түгелдей жұмыла кіріскенін айта кеткен жөн. Мәселен, Қазақстан ауғандық студенттерді оқыту ісін қолға алды. Өзбек  елі болса, Ташкент пен Кабул арасындағы тікелей байланысты жандандырды.  Түркменстан ауғандықтарға газ жеткізіп, мемлекетке темір жол бағытын салып берді. Транзиттік жүк тасымалы дәліздері, сауда-логистикасы мен инфроқұрылым және энергетика салаларындағы жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде Ауған елімен қарым-қатынасқа қан жүгіретін болады, дейді сарапшылар.