БҰҰ ҚК құрамындағы Қазақстан қызметі - Kazakh TV

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы ұйымның дамуына үлкен үлес қосып, елдердің ынтымақтастығын жарастыруға тың серпін берді. Ал күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің жүзеге асуына қазақстандық дипломаттар төрағалықта жемісті еңбек етті. Осы орайда БҰҰ жанындағы Экваторлық Гвинеяның тұрақты өкілі Қауіпсіздік Кеңесіндегі еліміздің төрағалығын жоғары бағалады. Антонио Ндонг Мбаның айтуынша, бұл жүйелі әрі жемісті жұмыстың көрсеткіші. Атап өтерлігі, Экваторлық Гвинея мемлекеті 2018-2019 жылдар аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кірді.

АНТОНИО НДОНГ МБА, БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ЭКВАТОРЛЫҚ ГВИНЕЯНЫҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ БҰҰ:

 - Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның төрағалығы ұмытылмас, әр түрлі кездесулерге толы және жемісті болды. Маңызды шаралар ұйымдастырылды. Кабулға БҰҰ Қауіпсіздің Кеңесінің 15 мүшесімен тарихи сапар жасалды. Біз Ауғанстан халқына бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ұмтылысы үшін қолдау білдірдік. Сіздердің мемлекет басшыларыңыздың қатысуымен өткен брифинг және ашық пікірталастар есте қалды. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүше мемлекеттерінің туын көтеру сынды жаңа рәсімді ашты. Бұл тамаша бастаманы, біз 2019 жылдың қаңтар айында қайталауды жоспарлап отырмыз. Біз сіздерден көп нәрсені үйрендік.

Еліміз жаһандық ұйымға мүше бола отырып, ауқымды жұмыстарға араласып келеді. Осы ретте Нью-Йоркте Нидерланд Премьер-Министрі Марк Рюттенің төрағалығымен бейбітшілікті қолдау шараларына арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Еліміздің атынан маңызды отырысқа Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров қатысты. Жиында БҰҰ бітімгерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы сөз болды. Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары шиеленісті жағдайларды шешуде бірлесе әрекет етіп, аймақтық ұйымдармен серіктестік орнатудың маңыздылығына тоқталды.

ТАЛҒАТ МҰХТАРОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Заманауи шиеленістердің күрделі екендігі соншалық, бейбітшілікті қолдауға бағытталған операциялар оған сеп бола алмайды. Бұл жерде бітімгерлік қызмет оң нәтиже беруі үшін алдымен даудың себептерін мұқият анықтап алған жөн. Содан соң жағдайдың жақсаруына, тұрмыстық мәселелердің шешімін табуға ықпал жасауымыз керек. Сонда ғана бейбітшілік әрекетінің тиімді жоспарын жасай аламыз. Түптеп келгенде, жемісті келіссөз үшін тұрақсыздықтың көзін жою қажет.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер