Сингапур Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы мен белсенділігін жоғары бағалайды. Бұл туралы елдегі жоғары оқу орындарының бірінде БҰҰ ҚК-нің жұмысына арналған пікірталаста айтылды. Дәл Нью-Йорктағы кеңседегі іспетті дөңгелек үстелге 15 мемлекеттің байрағы қойылған. Тек Ұйымға мүше елдердің ресми өкілдерінің орнына қарапайым студенттер сөйледі. Қазақстанның атынан Назарбаев университетінің алғашқы түлектерінің бірі Тасболат Тауниязов қатысып, еліміздің Қауіпсіздік Кеңесіндегі 6 бастамасынтүсіндіріп берді.

ЛИ КВАН БУН, БҰҰ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ СИНГАПУР АССОЦИАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қазақстан қарусыздану және ядролық қаруды таратпау процесінде әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. Осыған байланысты мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан азат әлемді құру жолындағы  жеке үлесі мен қолдауына зор ризашылығымды білдіргім келеді.

БҰҰ жұмысы туралы пікірталас өткізуді Қазақстан студенті Аружан Жанғабаева ұсынған болатын. Оның идеясын өзі оқитын ғаламдық менеджмент мектебі мен Сингапурдегі Қазақстан елшілігі қолдады.

АРУЖАН ЖАНҒАБАЕВА, SP JAIN SCHOOL OF GLOBAL MANAGEMENT 1 КУРС СТУДЕНТІ:

 - Делегаттар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстанның төрағалығы аясында мемлекет басшысының жариялаған 6 бастамасын жоғары бағалады. Бәрінен бұрын Қазақстан Республикасының түрлі елдер арасындағы бейбіт келіссөздер үшін алаң ұсынуын делегаттар қызу әрі ұзақ талқылады.

Ерекше жобаларды ұйымдастырып, елдің дамуына үлес қосы жүрген талантты студенттерге Қазақстанның Сингапурдегі төтенше және өкілетті елшісі Үсен Сүлеймен мақтау қағаздары мен ұлттық кәдесыйлар тапсырды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер