Сирия аумағында әскери әрекеттерді тоқтату туралы БҰҰ-ның резолюциясына Қазақстанның мемлекеттер арасындағы өзара сенімді нығайту және тұтқынға алынған балалар мен әйелдерді босату бастамалары енгізілді. Нью-Йоркте Халықаралық ұйымның Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Кездесу барысында мүше мемлекеттер Сирия дағдарысына қатысы бар тараптардан  әскери іс-қимылдарын 30 күнге тоқтата тұруды талап етті. Резолюция зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жеткізіп, науқастар мен жараланғандарды майдан алаңынан алып шығуға мүмкіндік береді. Қазақстандық делегация барлық тараптарды атысты тоқтатуға және резолюцияны бұзбауға шақырды. Өз кезегінде, Астана процесіне қатысушы кепіл мемлекеттердің сыртқы істер министрлері алдағы уақытта елордада өтетін кезекті келіссөздерде атысты тоқтату және де-эскалация аймақтары бойынша келісімті қатаң орындау мақсатында қосымша қадамдар қабылдайды.

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Қазақстан делегациясы Сириядағы әскери операцияларды тоқтату туралы қарарын қолдап дауыс берді. Еліміздің ұстанымы - дәйекті. Өйткені, Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа қол жеткізу үшін зорлық-зомбылықтың алдын алып, жаңа кикілжіңдерді болдырмау жолдарын қарастыру керек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер