БҰҰ ҚК-індегі Қазақстан қызметі - Kazakh TV

Қазақстанның сыртқы саясатының жеңісі. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық кезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың  ұсынған өңірлік әрі жаһандық қауіпсіздікке қатысты жасаған үндеуінің жан-жақты қолдау табуын шет мемлекеттер осылай бағалайды. Жаппай қырып-жою қаруын таратпау, жаһандық соғыс қатерінің жолын кесу, Ауғанстанда тыныштық орнатуға ықпал ету, Орталық Азиядағы бейбітшілікті нығайту, лаңкестікке қарсы күш біріктіру, әрі Африканың бейбіт дамуына көмектесу. Қазақстан бастамалары тек ізгілікке ғана негізделген. «Әсіресе, қауіпсіздік саласына қатысты берік байламдары Еуропа елі үшін аса маңызды», - дейді Польша сенаторы Казимеж Клейна. Атап өтерлігі, бұл республика биылдан бастап Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше атанды.

КАЗИМЕЖ КЛЕЙНА, ПОЛЬША РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЕНАТОРЫ:

 - Африканың бір өзіндегі жағдайды сөз етсек, бүгінде 70 млн-ға жуық адам мәжбүрлі түрде босқын болып кету қаупі төніп тұр. Бұл жағдай Азияның да қауіпсіздігіне көлеңкесін түсіруі мүмкін. Сондықтан Қазақстан басшысының өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке қатысты ұстанымдарын жоғары бағалай отырып, соғыссыз әлем құруға қатысты қадамын құптаймыз.

Ресми Астана мен Варшаваның бейбітшілікті нығайтуға қатысты ұстанымдары ұқсас, - дейді сенатор. Тараптар халықаралық саяси мінберде де бір-бірінің бастамаларын қолдап отыратын дос ел. Айталық, Польша Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалығын құптап,  ЭКСПО-ны Астанада өткізуге ықпал еткен елдің бірі. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретіндегі жұмысын да ресми Варшава  жан-жақты қолдағаны белгілі.  

КАЗИМЕЖ КЛЕЙНА, ПОЛЬША РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЕНАТОРЫ:

 - Қазақстан өзін Еуропаның бір бөлшегі сезінетін ел, сондықтан да оның қауіпсіздік саласына қатысты ұстанымдары біз үшін бағалы. Польша азаматтарына Қазақстан визасыз режим саясатын енгізді. Қазақстандықтар да Польша аумағына визасыз жүргілері келетіні сөзсіз. Алайда Польша Еуроодақтың мүшесі болғандықтан, біз шенген келісімін қабылдаған елміз, сондықтан осы Одаққа мүше өзге 28 мемлекеттің де рұқсаты қажет. Дей тұрғанмен, саяси күш-жігер мен шыдамдылықтың арқасында қол жеткізуге болатын қадам деп есептеймін.

Қазақстан мен Польша ынтымақтастығы жыл санап тереңдеп келеді. Біздің елде польша капиталының қатысуымен 200 жуық компания қызмет істейді. Сондай-ақ қазақ жерінде 35 мыңға жуық этникалық поляк азаматы тату-тәтті өмір сүруде.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер