Куртай Караджа: Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру жолында батыл қадамдар жасап жатыр

Қазақстан биыл әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты кеңеске төрағалық етті. Бұл кез келген елге сеніп тапсыра салатын шаруа емес. Қазақстан көптеген халықаралық үрдістердің белді қатысушысы мен бітімгері ретінде бұл маңызды міндетті зор абыроймен атқарды. Нұрсұлтан Назарбаев өзекті мәселелерді көтеріп, ортаға салып келеді. Оның үндеуі жаһан елдері үшін маңызды. Түркиялық саясаттанушы Куртай Караджаның айтуынша, Қазақстан халықаралық қауымдастықтан ядролық қарусыз әлем құру жолында батыл қадамдар жасап жатыр.

КУРТАЙ КАРАДЖА, НИШАНТАШИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ, САЯСАТТАНУШЫ:

- Нұрсұлтан Назарбаев  БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде маңызды үндеу жариялады. Ол әлемдік қауымдастықты біртұтас организмге балап, жер бетіндегі барлық халықтың қауіп-қатері мен игіліктері де ортақ екендігін атап өтті. Расында, солай емес пе? Сол үшін барлық мемлекеттер бейбітшілікті нығайтуға бір кісідей атсалысу қажет. Бұл ретте Қазақстан сынақ полигонын жауып, ядролық қарудан өз еркімен бас тарту арқылы жаһандық қауіпсіздікке өлшеусіз үлес қосты. Міне, жекелеген елдер өздерінің құлқы үшін жасап отырған амбициялық жоспарларынан бас тартып, Қазақ елінен үлгі алулары тиіс

Куртай Караджаның пікірін Германия Бундестагының депутаты Аксель Фишер де қуаттайды. Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі ядролық қарусыздану бастамалары - әлемде бейбітшілікті сақтау бағытындағы тарихи мәлімдеме, дейді ол. Қазақстан көшбасшысы – жаһандық қауіпсіздіктің көптеген теорияларының негізін салушы. Президент ядролық қаруды таратпау, жаппай қырып-жою қаруын сатып алу және таратуға қарсы қатаң шаралар қолдану үшін нақты жұмыс тетігін әзірлеуді ұсынды. Бұл бастамаға әлемдік сарапшылар оң бағасын берді.

АКСЕЛЬ ФИШЕР, БУНДЕСТАГ ДЕПУТАТЫ:

- Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жас мүшесі ретінде тамаша жұмыс істеді. Біз бейбітшілік маңызды рөл атқаратын әлемде өмір сүріп жатырмыз. Сол себепті ядролық қарудың көзін жою бастамасы өте дұрыс. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды бейбіт келіссөздер үшін алаң ретінде ұсынды. Сіздердің елде Сирия жағдайы бойынша бірнеше процессті өткізген тәжірибе бар. Менің ойымша, Қазақстан төрағалығының қорытындысы жемісті болды.