Қазақстанның тағы бір құжаты БҰҰ-да ресми мәртебеге ие болды

Қазақстанның тағы бір құжаты БҰҰ-да ресми мәртебеге ие болды. Бұл жолы дүниежүзілік ұйым Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық еткен Қауіпсіздік Кеңесінің тақырыптық отырысындағы қорытынды құжатты ерекше атап өтті. Елбасы өз сөзінде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге басымдық берді. Шиелініс бар аймақтарда тұрақтылық орнатып,  бейбіт әлем құру үшін ядролық қару мен жаппай қырып жою қаупі бар қаруды таратпаудың маңыздылығына тоқталды. Превентивті дипломатия туралы айтты. Осы ретте БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Қауіпсіздік Кеңесінің барлық мүшелері бір ауыздан Қазақстан таңдаған тақырыптың өзектілігіне жоғары баға берген болатын. Бұл елдер арасындағы сенімділікті нығайтып, өзекті мәселерді шешуге мол мүмкіндік береді. Атап өтсек, бұған дейін Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» манифесі және Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстан жұмысының басталуына байланысты саяси өтініші де ресми құжат мәртебесін алған еді. Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысын Ресей тарапы жіті қадағалап отыр.

ЕЛЕНА АФАНАСЬЕВА, РФ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ, СЕНАТОР:

 - Шынымды айтсам, ресейлік тұрғындар екі елге ерекше ықыласпен қарайды. Олы көршілеріміз Қазақстан және Беларусь. Біз Қазақ елінің жеткен жетістігіне, осындай жоғары деңгейде көрінгеніне қуаныштымыз. Жалпы біз Қазақстанмен көптеген бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Сол себепті серіктестігмізді тереңдете, нығайта түсуіміз керек. Менің әріптестерімде мұны қолдайды. Тіпті Ресей Федерациясы кезінде Қазақстан сенаторларымен жүйелі түрде жұмыс істейтін арнайы тобымыз да бар.