Қазақстан 2020 жылы елімізде Жастарды дамыту жөніндегі жаһандық конференция өткізуді ұсынды

Қазақстанның бірқатар жаһандық бастамалары БҰҰ-ында тыңдалды. Мемлекетіміз 2020 жылы Қазақстанда Жастарды дамыту жөніндегі жаһандық конференция өткізуді және жастардың өзекті мәселелерін талқылау үшін арнайы онлайн-сайт құруды ұсынды. Сонымен қатар, біздің делегация БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесінің форумына қатысты. ҚР Дін істері және азаматтық қоғамның вице-министрі Абзал Нүкенов БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесінің басшылығымен кездесіп, форумның пленарлық отырысында сөз сөйледі.

АБЗАЛ НҮКЕНОВ, ҚР ДІН ІСТЕРІ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Біз мұнда әріптестерімізбен пікір алмасып, ең озық тәжірибені анықтау үшін екі жақты және көп жақты форматта бірқатар кездесулер өткізуді жоспарлап отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, елімізде жастардың мүмкіндігін ашатын «Дипломмен ауылға», «Серпін» секілді бірқатар бағдарламалар бар. Меніңше, осындай бағдарлама аясында жұмыс істеу, тәжірибе жинақтау әлемдік қауымдастық үшін қызықты деп ойлаймын.

БҰҰ-ның Штаб-пәтерінде дүниежүзілік жастар форумы өтті. Шараға бірнеше елдің жастар қозғалысы мен ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Қазақстан атынан «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Данияр Сүндетов барды. Әртүрлі елден келген белсенді жастар «Жасыл қала» жобасын дамыту мақсатында таза қуат көздерін пайдалану және биологиялық әртектілікті сақтау туралы өз пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, форумға қатысушылар жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейту мен инновациялық білім беру мәселелерін қозғады.

ДАНИЯР СҮНДЕТБАЕВ, «ЖАС ОТАННЫҢ» ЖЕТЕКШІСІ:

 - Елбасымыздың АҚШ-қа келіп-кеткенінен кейін, артынша "алғашқы қарлығаштарымыз" Біріккен Ұлттар Ұйымының форумына қатысып жатыр. Біз Қазақстанның жастары, осындай үлкен шараға алғаш қатысқанымыз үшін өте қуаныштымыз. Форумда қозғалған "Қалалар мен ауылдардың тұрақты дамуы" атты тақырып өте қызықты.  Себебі, елімізге сырттан көшіп келушілердің саны артып, ауылдық жерлерді дамыту өзекті мәселеге айналып отыр. Өз басым "Ақылды қала" тақырыбындағы 17-ші сессияға қатысудамын. Біздің еліміз жастарға ерекше көңіл бөледі. Мұндай шараға қатысудың өзі біз үшін мәртебе. Мәселен, осы форумға Орталық Азия елдері арасынан біз ғана келіп отырмыз.