2018 жылы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне екінші жылғы мүшелігі басталды. Жыл еліміз үшін әлемдік ұйымның  құрылымына төрағалық етуден басталды. Бар-жоғы бір айдың ішінде еліміз жаһандық мәселелерді талқылап, пікірталастар өткізді. Маңызды міндет қаңтар айында яғни халықаралық саяси маусымның басталуымен  тұспа-тұс келді. Қазақстанның төрағалығы кезінде Қауіпсіздік Кеңесінің бірқатар халықаралық шарттары қабылданды. Атап айтар болсақ, шиеленістерді болдырмау, аймақтық тұрғыда алдын алу дипломатиясы, Ауғанстан бойынша құжаттар және Орталық Азия елдерінің сындарлы рөлі, саяси тұрғыдан міндетті халықаралық актілерді қабылдауға мүмкіндік берді. Ал 12-15 қаңтар аралығында Қазақстанның төрағалығы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелеріне Кабулға сапар ұйымдастырды.

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - 2010 жылдан бері мұндай маңызды сапар болған жоқ. Біз Қауіпсіздік Кеңесіне келгенге дейін бұл сұрақ ұзаққа созылып, күрмеуін таппай келді. Біздің осы ұйымдастырған сапарымыз мүше-елдердің аймаққа мықтап назар аударуына қол жеткізді. Себебі бір ғана қаңтар айында Ауғанстанда үш бірдей лаңкестік шабуыл белең алды. Бүгінде барлық ел Ауғанстандағы жағдайға бей-жай қарамайды, түйткілді мәселелерді шешудің жолдарын іздестіріп жатыр.

Осы жағдайда толыққанды түсіну үшін Кабулдағы далалық миссия көмектесті. Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаровтың айтуынша, осы сапардан кейін Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Қазақстанның бастамасы бойынша өтетін «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру»» тақырыбындағы пікірталасқа қатысуға дайын болды.

ОЛОФ СКУГ, БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ШВЕЦИЯНЫҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Біз ұлтаралық жанжалдарды болдырмаудың аймақтың тәсілдеріне назар аударуды толықтай қуаттаймыз. Аймақтық серіктестік тек ортақ мәселелерді шешуге ғана емес, өзара тиімді мүмкіндік жасауға да сеп болады. Барлық елдің тілеу бір – бейбітшілік. Бұл мәселені біз «Тәуелсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азияда аймақтық серіктестік құру» тақырыбында өтетін пікірталаста қарастыратын боламыз. Осы ретте қазақ елі көшбасшысының мәлімдемесі қабылданды. Бұл бізге бағдар болмақ. 

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы Кеңеске мүше елдер арасында қызығушылық туғызды. Отырыстың соңында Мемлекет басшысының бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаумен айналысатын басты орган туралы баяндамасын көпшілік мұқият тыңдады. Ол жаһандық қауіпсіздікті сақтау бейбітшілікті нығайтудың маңызды элементі екенін баса айтты.

ФРАНСУА ДЕЛАТТР, БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ФРАНЦИЯНЫҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Біріншіден, Қазақстанның төрағалығы кәсібилігімен және тиімділігімен ерекшеленді. Ол барлық ел мен халықтардың басын біріктірді. Екіншіден, өте табысты төрағалық болды. Бұл тек менің  ғана емес, барлық Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері  тарапынан берілген ортақ баға. . Қаңтар айы өте жемісті әрі табысты болды. Қазақстан төрағалығының ұйымдастыруымен өткен пікірталастар сәтті өтті.  Қазақстан ядролық қаруды таратпау тақырыбын қайта қоғамның назарына ұсынды. Бұл тұрғыда сіздер қашанда көшбасынан көрінесіздер.

СТИВЕН ХИККИ, БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ҰЛЫБРИТАНИЯ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛДІГІНІҢ САЯСИ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

 - Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ең табысты төрағасы болды. Күн тәртібінде Орталық Азия мен қатар Ауғанстан мәселесі де жан-жақты   қамтылды. Меніңше жаппай ядролық қаруды таратпау мәселесі Қауіпсіздік Кеңесінде басты тақырып болып қала береді. Өйткені Қазақстанның өзі  ядролық сынақтардан көп жапа шеккен елдердің бірі. Ал Солтүстік Корея тарапынан төнген қауіпке байланысты бұл тақырып тіпті өзекті болып отыр.

Еліміз үшін өткен айдың тарихи маңызы зор. Ал Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүшелігі жыл соңына дейін жалғаса бермек. Демек мемлекеттің жаңашыл бастамаларын жария етуіне әлі де мүмкіндіктері мол.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер