Орталық Азия: Қазақстан БҰҰ бөлімшесінің қызметін қамтамасыз етеді

Орталық Азия: Қазақстан БҰҰ бөлімшесінің қызметін қамтамасыз етеді

Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығы нығая түспек. Сенаттың Халықаралық қатынас, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде аталған халықаралық ұйымның Солтүстік және Орталық Азия бойынша субөңірлік бөлімшесінің қызметін қамтамасыз ету бойынша келісім қаралды. Атап өтерлігі, бөлімше 2013 жылдың қарашасында Алматы қаласында ашылған болатын. Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев мәлімдегендей, келісім транзиттік сауда, су және энергетика салаларындағы біріккен жобалар бойынша еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхитына арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясымен ықпалдастығын нығайта түседі, сондай-ақ Қазақстан тарапына Бөлімшенің жұмысына және кейбір бағдарламаларды іске асыруға бөлінетін ерікті жарна бойынша Бөлімшеден жыл сайын есеп алуға мүмкіндік береді.

ЕРЖАН АШЫҚБАЕВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Әкімшілік және қаржылық келісімдерге сәйкес, қазақстандық тарап Азия мен Тынық Мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының кеңселік үй-жайын ұсынады. Аумағы 270 ш.м кем болмауы тиіс. Қазіргі кезде бөлімше Алматы қаласында Амангелді 68 бойынша бөлек тұратын ғимаратта орналасқан. Сондай-ақ жыл сайын 100 мың АҚШ доллар көлеміндегі қаржыны кеңсені пайдалану мен бағдарламалық қызметіне бөледі.

Халық қалаулыларының айтуынша, келісімнің құпталуы еліміздің Орталық Азия төңірегіндегі халықаралық жобалардың үйлестірушісі ретіндегі беделін артырады. БҰҰ және Қазақстнның аймақ бойынша жүргізіп келетін бастамаларына жаңа серпін бермек. Сондай-ақ жалпы өңірдегі елдердің арасында әлеуметтік-экономикалық дипломатияны тұрақты әрі қарқынды түрде іске асыруды қамтамасыз етеді.