Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде бітімгерлік әлеуеті мен адамзаттың жаһандық проблемаларын шешуге деген ұмтылысы мен қызығушылығын көрсетті. Беделді құрылымға ел төрағалығына халықаралық саясаткерлер мен сарапшылар осындай баға беріп отыр. Олар айтулы оқиғалардың бастысы ретінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпауға арналған брифингте сөйлеген сөзін ерекше атап отыр. Әсіресе, Елбасы әлемді жаһандық қауіп-қатерлерден қорғайтын нақты шараларға тоқталған болатын. Қазақстанды Солтүстік Корея мәселесіне қатысты келіссөз алаңы ретінде ұсынуға дайын екендігін жеткізді. Жалпы, бұл отырыс қорытындысы бойынша тарихи құжат қабылданды. Бұл – Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының аймақтық контексте қақтығыстарды болдырмау және превентивті дипломатия бойынша мәлімдемесі.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан ел ретінде өзге мемлекеттерге үлгі бола алады. Біз тәуелсіз елімізді құрып, нығайтып келеміз. Ядролық қарудан бас тартудың арқасында еліміздің халықаралық аренада жоғары беделге ие болуына қол жеткіздік.  Біз өзге мемлекеттерді бізден үлгі алуға шақырамыз. Кезінде Иранға осындай үндеу айтқанбыз. Енді Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тартуға шақырып отырмыз. Нағыз күш ядролық бомбалар мен зымыранда емес. Әлемде ол жетерлік. Бұл қорғаныс бола алмайды. Әлемдік қауымдастықтың сенімі ғана қорғау бола алады.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалық барысында Қазақстан Ауғанстан мен Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелерін көтерген болатын. Африкада бейбітшілік орнату, халықаралық терроризм және экстремизммен күрес те назардан тыс қалмады.

САНАТ КӨШКІМБАЕВ, ҚСЗИ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қаңтар айындағы Қазақстанның төрағалығы барлық мәселелер бойынша біздің елдің «проактивті» ұстанымын көрсетті. Таяу Шығыстағы жағдай, Корея түбегі мәселесі және түрлі жерлердегі жағдайдың ушығуына байланысты ұстанымыз осындай. Әрине, Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібінде Орталық Азия елдерінің аймақтық әріптестігі жайлы мәселені қозғады. Осылайша, маңызды халықаралық органда Орталық Азия елдерінің мәселесі көтерілді.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі елдің тарихи жетістіктерінің бірі болды. Бұл оқиға мемлекеттің халықаралық аренадағы бітімгерлік қызметінің аса маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер