Қазақстанның БҰҰ ҚК құрамындағы қызметі туралы сарапшылар пікірі

БҰҰ-ында тарихи құжат қабылданды. Бұл – Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының аймақтық контексте қақтығыстарды болдырмау және превентивті дипломатия бойынша мәлімдемесі. Аталмыш Халықаралық акт Қазақстан басшылығымен әзірленген. Бұған дейін Кеңестің жергілікті деңгейдегі мәселені жаһандық көлемде көтеретін актілері болмаған, дейді сарапшылар. Біріккен Ұлттар Ұйымының беделді органында Астананың ұсынуымен жанжалдарды алдын-алудың жан-жақты стратегиясына алғаш рет таратпау мәселесі енгізілді. Қазақстанның бастамасына Польша елі  қолдау білдірді. Айта кетерлігі, поляк республикасы 2018 жылдың қаңтарында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жұмысқа кірісті. Жаһандағы қауіпсіздікті нығайтушы органда Қазақстан бұл ел үшін алғашқы төраға-мемлекет болып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Польша Республикасының Тұрақты Өкілі Джоанна Вранеска қазақ елінің жауапты міндетті абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

ДЖОАННА ВРОНЕСКА, ПОЛЬШАНЫҢ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүше ретінде  біз қашанда  Қазақстанға  қолдау білдіреміз.  Қазақстан қаңтардағы төрағалығына арнап мәні мен мағынасы зор бағдарлама дайындапты. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша брифингтер ұйымдастырғанына ризамыз. Солардың бірі Ауғанстандағы ахуалға арналған отырыс болды. Аталған аймаққа Қазақстанның назар аударуы өте орынды. Осы пікірталасқа Польша белсене қатысты. Қауіпсіздік кеңесіндегі барлық кездесулер достық қарым-қатынаста, жайлы атмосферада өтіп жатыр. Бұл Қазақстанның төрағалыққа тыңғылықты дайындалғанын көрсетеді.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметі де нәтижелі. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңес отырысында жасаған баяндамасына әлем елдерінің қолдау білдіруі дәлел бола алады, дейді Қытайдың қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясының Орталық Азия бөлімінің басшысы Дин Сяосин. Оның айтуынша, Қазақстан – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланып, үлкен сенімге ие болған бірден бір ел. Мемдекет өңірлік тұрақтылық пен жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздеген жауапты миссияны мойына алды.

ДИН СЯОСИН, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР АКАДЕМИЯСЫ ОА САРАПШЫСЫ:

 - 2017 жылы қызу талқыланған мәселелердің бірі Солтүстік Кореяның ядролық қаруын дамытуы. Осы күнге дейін АҚШ, Қытай елдері бұл мәселені шешуге тырысқанымен әлі де нәтиже жоқ. Президент Назарбаев БҰҰ да сөйлеген сөзінде Солтүстік Кореяны қарусыздандыруда Қазақстанның тәжірибесін қолдануды ұсынды. Әрине Президенттің кешегі бірқатар маңызды ұсынысы Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздануына жаңа бағыт ашуы мүмкін. Ол үшін әлі де көп жұмыстар атқару керек.