Ауғанстан мен Орталық Азияға арналған пікірсайыс

Әлемдік қоғамдастық пен ауған халқы Қазақстанның Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуға күш салуын жоғары бағалайды. Ауғанстанның сыртқы саясат ведомствасының басшысы Хикмет Карзай Қазақстанның БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің пікірсайысында елдегі түйіткілді мәселелерге әлем назарын аударған қазақ елі мен оның басшылығына алғыс білдірді.  Айта кетейік,  пікірсайыс қорытындысы бойынша Қауіпсіздік кеңесі төрағасының "Ауғанстанға аймақтық ынтымақтастық және алдын алу дипломатиясын тиімді пайдалану арқылы көмектесу" туралы мәлімдемесі қабылданды.Орталық Азия елдері Ауғанстанмен сауда-экономика, инфрақұрылым, инвестиция және энергетика саласында нақты жобаларды жүзеге асыру арқылы ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін айтты.

ХИКМЕТ КАРЗАЙ, АУҒАНСТАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстанның жүзеге асырып жатқан шараларын Ауғанстан үкіметі мен халқы жоғары бағалайды. Қауіпсіздік Кеңесінде біздің мемлекетке көңіл аударылып, мұндағы күрделі жағдайды талқылағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Ауғанстандағы ахуалдың Орталық Азияға әсері мол. Жиында бірлескен қауіпсіздікті дамыту мәселесі талқыланды. Қазақстан бұл мәселеге зор көңіл бөліп отыр. Сол үшін ауғаныстандықтардың сіздің елге алғысы шексіз.  Қазақстанға осындай бастамасы үшін ризашылдығымызды білдіріп, ынтымақтастығымызды жалғастыруға дайын екенімізді жеткіземіз.

Ауғанстанның Қазақстандағы елшісі Кадам Шах біздің еліміз Ауғанстан мәселесін шешу үшін тағы бір үлкен қадам жасады деген пікірде. Ауған мемлекетінде тұрақтылық орнату мәселесі Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесуінде де, Қазақ елінің Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы барысында да көтерілді.  Жақында іргелі органның жетекшісі Қайрат Омаров бастаған делегация Ауғанстанға барып, ондағы бүгінгі ахуалмен етене танысты. Бұл - соңғы 7 жылда Кеңес мүшелерінің Кабулға жасаған алғашқы сапары.

КАДАМ ШАХ ШАХИМ, АУҒАНСТАН ИСЛАМ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Нұрсұлтан Назарбаевқа Ауғанстанда тұрақтылық орнатуға, саяси тартысты, қарулы қақтығысты бейбіт жолмен әрі даналықпен шешуге әрекет етіп жүргеніне алғысымды айтамын. Осы аптада Қазақстан Президенті Ауғанстан мәселесін Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесуінде де көтерді. Ал, Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Қазақстанның бастамсымен соңғы 7 жылда алғаш рет біздің елдің ахуалымен танысу үшін Кабулге сапар жасады.