БҰҰ сарапшылары Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы әлемдегі жағдайға әсер ететініне сенімді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бейбітшілікті қолдау жөніндегі бастамаларды мемлекет және министрлік басшылары қолдады. Бір кездері әлемдегі 4-ші ядролық арсеналға ие болған Қазақстан жаппай қырып-жоятын қарудан бас тартып, осылайша басқа елдерге айқын үлгі көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, біздің мемлекет бұдан әрі қарусыздану және ядролық қаруды таратпау үдерісіне жаңа серпін береді.

ИОН БОТНАРУ, БҰҰ САРАПШЫСЫ:

 - Корея түбіндегі жаппай қырып-жою ядролық қаруына тоқтау қоя білу, бүгінгі күннің өзекті мәселесі. 90-жылдары Қазақстан  ядролық қарудан бас тарту арқылы  жаһан жұртына үлгі бола білді. Қазақстан ядролық сынақтардан зардап шеккен елден ядролық емес мемлекет болу үшін ең жоғары саяси шешімге дейін барлық қадамдарды жасады. Жалпы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде Қазақстанның жасаған жұмыстары тарихта қалады. Бұл мемлекеттің әлем алдындағы мәртебесін арттырады. Ал қазақ елінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етіп, түрлі қауіпсіздік пен бейбітшілікті қолдау мәселелерін шеше білуінің өзі үлкен мәртебе.

Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуіне әлем саясаткерлері үлкен үміт артады. Сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бастамалар негізінде Корея түбегіндегі шиеленіс шешімін табады деп үміттенеді. Осы ретте Солтүстік және Оңтүстік Корея елдері арасында ынтымақтастық орнайды деп күтеді.

КИМ ИЛЬ СУ,   КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚР-ДАҒЫ БҰРЫНҒЫ ЕЛШІСІ /2005-2009 ЖЖ./:

 - Қазақстанның Корей түбегінде бейбітшілік орнауына септігі тиетініне сенім артып, үміттеніп отырмын. Әсіресе, солтүстіккореялық ядролық мәселеге байланысты. Өйткені, мен осыдан жиырма жыл бұрын  Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқан  алғашқы ел екенін жақсы білемін.

Сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде айтқан қауіпсіздік мәселелеріне үлкен мән береді. Атап айтқанда, бұл - Солтүстік Кореядағы ядролық бағдарлама мен зымыран сынақтарына байланысты мәселелерді шешу. Сонымен қатар, сарапшылар Ауғанстандағы қақтығысты реттеу мен Орталық Азия аумағындағы тыныштықты сақтау туралы ұсыныстардың да өзекті екенін айтады.

РҮСТЕМ БУРНАШЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Ауғанстандағы жағдай мен Орталық Азия елдерінің әріптестік мәселесін Қазақстан іс-жүзінде ұдайы ғаламдық деңгейде көтеріп, халықаралық қауымдастықтың талқысына салып келеді. Еліміз қауіпсіздік мәселелерін шешуді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясында талқылап, жүйелі түрде жұмыс істейді. Бүгінде Қазақс тан БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі әрі оған төрағалық етеді. Біз 90-шы жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін халықтар арасындағы тұрақты қауіпсіздікті қолдап, стратегиялық жүйе құрып, ынтымақтастықты сақтап келеміз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер