Елбасының АҚШ-қа ресми сапары Астана мен Вашингтон арасындағы ынтымақты одан әрі арттырып, жаңа қарқынға көтермек. АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Ричард Хоугланд осылай деді. Экс елші Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда және экономикалық әріптестіктің қуаты артып жатқанын да айтты. Оған  ел тәуелсіздігін алған тұста Нұрсұлтан Назарбаевтың қолға алған реформалары жемісті нәтиже берген. Сондай-ақ америкалық тарап БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне қазақ елінің төрағалық етуін жоғары бағалап отыр.

РИЧАРД ХОУГЛАНД, АҚШ-ТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БҰРЫНҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Қазақстан БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде  өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаратынына сенімдімін. Сіздер ядролық қаруды таратпау ісінде көшбасшы мемлекет саналасыздар. Қазақ елі жойқын қарудан бас тартып сынақтан өткізуге тыйым салып, көпке үлгі көрсетті. Бұл БҰҰ-ның басымдық беретін негізгі көрсеткіші болуы тиіс.

Хангук университетінің профессоры Ким Сан Чхоль  Қазақстанның әлемдік аренадағы әлеуеті жоғары екенін алға тартады. Оған Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше ретінде жаһандық қауіпсіздік, ядролық қарусыздану, жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесіне баса назар аударып, жаһан алдында бітімгер мәртебесін бекіте білгені дәлел. Ким Сан Чхольдың айтуынша, Сириядағы қантөгісті тоқтатуға, қос Кореяның бітімге келуіне Қазақстан ерекше ықпал етпек. БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесіне еліміздің төрағалық етуі әлем алдында зор мәртебе болмақ.   

КИМ САН ЧХОЛЬ, ХАНГУК УНИВЕРСИТЕТІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ КАФЕДРАСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Менің ойымша, Солтүстік және Оңтүстік Кореяның бірігуіне Қазақ мемлекеті ықпал ете алады. Себебі елдеріңіздің әлемдік саясатта мол тәжірибесі бар. Бұдан бөлек Қазақстан социализмнен капитализмге өтіп, экономиканы дамытудың өзіндік жолын қалыптастырған мемлекет. Және де елдеріңізде корей диаспорасы өмір сүреді. Олар Оңтүстік Кореямен тығыз байланыста болғанымен, кейбірінің тарихи Отаны Солтүстік Корея. Міне, осы орайда аталған ұлт өкілдері де қос елдің бірігуіне дәнекер бола алады деп ойлаймын. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер