Сарапшылардың Қазақстанның БҰҰ ҚК төрағалығы туралы пікірі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ тақырыптық брифингіне қатысуы әлем қауымдастығының Қазақстан тарапынан көтерілген ядролық қауіпсіздік бастамасын қолдап отырғанының бірден-бір дәлелі. Және жаһандық мәселелерге немқұрайлық танытпай жүрген мемлекетіміздің халықаралық қатынастар төңірегіндегі беделін айғақтайды. Бұл еліміздегі стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаевтың  пікірі. Сарапшының пайымдауынша, Қазақстанның жаппай жою қаупі зор қарудан бас тарту шешімі көпшілікке үлгі болды. Еліміз өзгелерге  БҰҰ 100 жылдығына дейін қатерлі қарудан әлемді толықтай азат етуді алға тартып отыр.   

САНАТ КӨШКІМБАЕВ, ҚСЗИ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

– Бұл көшбасшылықты әлем мойындады. Америка әкімшілігі әр уақытта Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту бастамасын қолдап, осы төңіректе жетістіктерге жеткен алдыңғы қатарлы ел екенін айтып, өзгелердің қаперіне салып жүреді. Біз әлем бойынша осы қаруға қарсы шыққан мемлекеттік және қоғамдық бастамаларды қолдап отырамыз. Бұл Қазақстан үшін құрметті әрі  аса жауапты іс.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуі еліміздің 25 жыл жүргізген сыртқы саясатына берген баға. Мемлекетіміз ширек ғасыр бойы бейбітшілік пен келісім, халықаралық дау-дамайларды  мейлінше болдырмауда табысты еңбек етіп келеді. 

ӘМІРЖАН ӘЛПЕЙІСОВ, Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР КАФЕДРАСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Біз әлемдік деңгейде ЭКСПО-ны өткіздік. Бұл дегеніміз бізге деген дүниежүзінің сенімі. Ол экономикалық, саяси сенім. Ол тек үлкен науқанды өткізу ғана емес. Бұл қауіпсіздік, бұл экономикалық жетістік, бұл мемлекеттің мүмкіншілігі. Осының барлығы ҚР-ның 25 жылдың ішіндегі әлемдік деңгейде көтерілгендігінің бірден бір дәлелі екендігін анықтадық. Себебі 17 жылы шешім қабылданған болатын БҰҰ ҚК төрағалық ету. Бұл бұрынғы кеңес одағының ішіндегі бірден-бір мемлекет Қазақстанға бұйырып отыр.