«Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» брифингі

«Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» – Қазақстанның БҰҰ ҚК-дегі төрағалығының басты тақырыбы.  Бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтетін жоғары деңгейдегі брифингте ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы Қазақстан бастамалары сөз болады.  Іс-шарада БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш, сондай-ақ БҰҰ ҚК мүше елдерінің жоғары деңгейдегі өкілдері өз баяндамаларын таныстырады деп күтілуде. Айта кету керек, Нью-Йорктегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өтетін аталмыш жиын қазақстандық дипломатияның дәстүрлі басымдықтарымен және Мемлекет басшысының сыртқы саяси бастамаларымен айқын үйлеседі. Бүған дейін Елбасы АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, екі ел ынтымақтастығын арттыру жөнінде келелі кеңес құрған болатын.  Бұл - Елбасының, Америкаға жасап отырған, жетінші сапары. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев  Орталық Азия елдері ішінде Дональд Трамп ресми сапармен шақырған  алғашқы Президент.