Ауғанстандағы тұрақтылық – Орталық Азияның болашағы

Ауғанстандағы тұрақтылық – Орталық Азияның болашағы

Қазақстан Орталық Азия елдері тарихында тұңғыш болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы атану мәртебесіне ие болды. Сарапшылардың пікірінше мұндай сенім еліміздің халықаралық қатынастардың дамуындағы беделін аңғартады. Қазақстан әлемдік қауымдастыққа жаһандық мәселелерге немқұрайлық танытпай, белсенді араласып жүрген бейбіт мемлекет ретінде танымал. Қазақстан аймақтық қауіпсіздікпен қатар Ауған елінде орын алып жатқан түйіткілдің күрмеуін шешуге  аса мән беріп келеді. 

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазақстан өзінің төрағалық ету барысында аймақтық және халықаралық қауіпсіздік мәселелерін көтеруді жоспарлап отыр.  Онда әлемді ядролық қарусыздандыру сынды аса өзекті мәселелерден бастап, Орталық Азия елдеріндегі тұрақтылық және Ауғандағы жағдайды оңалтуға қатысты сұрақтар қаралатын болады.   

Еуропалық құқық және адам құқығы жөніндегі институт директоры Марат Бәшімовтың пікірінше Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалық кезеңінде Орталық Азия аумағындағы барлық елдердің жүгін арқалайды. Бұл орайда Ауғанстандағы мәселелердің басын қайырып алу аймақтағы қауіпсіздікті күшейтіп, жалпы экономикалық көрсеткіштерді дамыта түсудің бірден бір жолы болмақ дейді, сарапшы.

МАРАТ БӘШІМОВ, ЕУРОПАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ЖӨНІНДЕГІ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде 2018 жылдың күн тәртібіне Орталық Азия аймағы мен Ауғаныстан арасындағы қарым-қатынасты жақсарта түсуге басымдық береді. Қазақстан үшін бұл өте маңызды. Себебі еліміз өңірдегі экономиканың қозғаушы күші деп айтуға болады. Қытай мен Ресей елдерінің нарықтарын байланыстырушы ел. Қос құрлықты байланыстыратын сауда жолдары біз арқылы өтеді.  Қазақстан әскери-саяси байланыстардан бұрын сауда-экономикалық, мәдени әріптестікті дамытуға ден қояды.

Мамандар Орталық Азия елдері Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде төрағалық етуі уақытында көтеретін барлық бастамаларын қолдап отырғанын айтады. Себебі ондағы сұрақтардың дені аймақтағы көкейкесті мәселелерді шешуге қатысты болмақ.  Бұл орайда айта кетерлігі, өңірдің сарапшылары өткен жылдың көктемінде халықаралық ұйымда қаралатын Орталық Азия елдері мен Ауғаныстандағы қауіпсіздік мәселелеріне қатысты арнайы жоба әзірлеп қойған.