Қазақстанның Қысқы олимпиадаға дайындығы - Kazakh TV

Оңтүстік Кореялық Пхёнчханда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына аз уақыт қалды. Қазақстан Ұлттық Олимпиада ойындары комитеті мен Мәдениет және спорт министрлігінің шешімімен олимпиадада ел байрағын шорт-трек құрама командасының мүшесі Абзал Әжығалиев алып шығады. Ал трамплиннен шаңғымен секіру спорты бойынша Сергей Ткаченко жолдама алды.  

МАРАТ ЖАПАРОВ, ТРАМПЛИННЕН ШАҢҒЫМЕН СЕКІРУ СПОРТЫ БОЙЫНША ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА МҮШЕСІ:

 - Сергей Ткаченко өткен жылы Жапониядағы жазғы Гран-приде биылғы олимпиадаға жолдама алған болатын. Ол жас спортшы. Олимпиада ойындарында алғаш рет бағын сынамақ. Сергей осы спорт түрімен бес жылдан бері айналысып келеді. Жақсы нәтижеге қол жеткізеді деп күтеміз. Ұлттық құраманың бас бапкері Сергейді спорт саласындаңы вундеркинг» деп атады.

Қысқы олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан спортшыларының киімін жапондық «Mizuno» компаниясы тікті. Спорттық формалар мен бірыңғай жылы киім спортшылар үшін ыңғайлы әрі киіп жүруге қолайлы. Дизайнерлер киім тігу барысында біздің киім кию мәдениетімізді ескере отырып, Оңтүстік Кореяның климатына ыңғайластырыпты. 

ЖІГЕР АЗБЕРГЕН, ҚР ҰОК РЕСМИ ӨКІЛІ:

 - ҰОК мен Мәдениет және спорт министрлігі спорттық киімді тігуді жапондық «Mizuno» компаниясына жүктепті. Спорттық киімді таңдаған кезде бірнеше талаптарға  жауап беруі тиіс. Осы ретте әлемдік брендттер мен қазақстандық компаниялар арасынан киім үлгілерінің эскиздері ұсынылды. Бірақ барлық талаптарды жапондық компанияның ұсынысы қанағаттандырды. Себебі олар Оңтүстік Кореяның климатын жақсы біледі.

КИМ ДЭСИК, ОҢТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Менің жанымда Олимпиада және Параолимпиада ойындарының символы Сухарон тұр. Бұл Кореяның қорғаны саналатын ақ жолбарыс. Сухарон – белсенділік пен жетістікке ұмтылысты білдіреді. Ал мына Бандаби – азиялық қара аю. Оның кеудесіндегі жарты айдың белгісі, келімсіреуді меңзейді. Бандаби – 2018 жылғы Параолимпиадалық ойындарының достық символы ретінде таңдалды

2018 жылғы Олимпиадаға арналған көрмеден Қысқы Олимпиада ойындарының символын көруге болады. Сонымен қатар, түрлі кәдесыйлар мен экспонаттар  көрме төрінен орын алған. Көрмені жасақтауға Астанадағы Корея мәдени орталығы ат салысты.  

ГҮЛНӘР ӘУБЕКЕРОВА, КОРЕЙ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Арнайы көрмемізге алдағы олимпиадаға қатысты жәдігерлерді көбірек қоюға тырыстық. Тіпті, қысқы ойындардың символдары бейнеленген ойыншықтар, сөмкелер және кәдесыйларға  дейін бар.  Сонымен қатар, бұнда байрақты бәсеке өтетін ел жайында толыққанды ақпарат алуға болады.

Еске сала кетейік, алдағы қысқы Олимпиада ойындары ақпанның 9-ы мен 25-і аралығында Пхенчхан қаласында өтеді. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, 80 елден 5 мыңнан астам спортшы қатысады. Жарыста 15 спорт түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер