Көрші қырғыз елі келесі жылы үшінші мәрте бүкіләлемдік көшпенділер ойынын өткізбек. Ел үкіметі қазір дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Байрақты бәсекеге ондаған мемлекетті тарту көзделіп отыр. Басты мақсат – әлемге көшпенділер мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстыру. Оның ішінде жауынгерлік және отансүйгіштік қасиеттерді көрсету. Бұл күні әлем жұртшылығы көшпенділердің өркениеті мен мәдениетіне қызығушылықпен қарайды.

САПАР ИСАКОВ, ҚЫРҒЫЗСТАННЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

 - Бүкіләлемдік көшпенділер ойынының ұйымдастырушысы әрі иесі ретінде жаһан жұртына көшпендінің тұрмысын, мәдениетін, өркениетін көрсетпекшіміз. Көшпенділерді білімді әрі ақылды, жауынгер, сөзіне берік, данышпан  екенін паш еткіміз келеді. Біздің мәдениетіміз бен өркениетіміз әлемдегі ең ежелгі құндылықтардың бірі саналады. Бүгінде ол жас ұрпақтың бойында қайта жаңғырып келеді.

Көшпенділердің мұрасын қайта жаңғыртуға арналған шара ондаған мемлекет пен жүздеген спортшының басын қосты. Сайыста көкпар, аударыспақ, ұлттық күрес пен садақ ату, интелектуалды ойын тоғызқұмалақ  ойнатылды. Екінші бүкіләлемдік көшпенділер ойынын өткізуге Қырғызстанның қазынасынан 24,5 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Сонымен қатар, жергілікті демеушілерде қолдау көрсеткен.   

ЭДУАРД КУБАТОВ, ӨНДІРІСТІК КӘСІПОРЫН БАСШЫСЫ:

 - Ұлттық мұрамыз бен этникалық мәдениетімізді дамытуға үлес қосқанымызды мақтан тұтамын. Қырғызстанда жұмыс істейтін халықаралық компания ретінде ойынның өткізілуіне бас демеуші болдық.

Үшінші Бүкіләлемдік көшпенділер ойынын ұйымдастыруға қырғыз үкіметі арнайы комитет құрмақ. Қалған ведомства басшыларына өз саласы бойынша іс-шаралар жоспарын құру тапсырылды. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер