«Жібек Жолы-2017» ралли марафонының қатысушылары Астанаға жетті. Осылайша темір тұлпар шабандоздарының құрлық аралық бәйгесінің 4-ші кезеңі Елордада тұйықталды. Еліміздің бас шаһарындағы мәрені алғаш болып былтыр дәл осы жарыстың бас жұлдесін ұтып алған пилот Себастьен Леб кесті. Қарсыластарын шаң қаптырып келген әлемдік ралли тартыстарының 9 дүркін чемпионы жалпы есепте де әзірге көш бастап келеді.

 

СЕБАСТЬЕН ЛЕБ, АВТОШАБАНДОЗ:

 - Жарыс жоспарға сай өтуде. Жетістігімізді еселеу үшін құрамамыз жақсылап сайланды. Алда әлі біраз жол бар. Техника сыр бермесе, жеңісті қолдан бермеуге тырысамын. Қазақстандықтар әдеттегідей бар қонақжайлылықтарын танытып қарсы алып жатқанына алғысымды білдіремін.

 

Үстіміздегі шілде айының 7-сінде Мәскеудің Қызыл алаңынан бастау алып, Шығысқа қарай бет бұрған тарнсұлтық керуен Ресей-Қазақстан-Қытай аумақтары арқылы өтеді. Барлығы әлемнің 35 елінен 90 экипаж 14 кезеңді бағындыруы тиіс. Оның 4-еуі Қазақстан жерімен өтеді. Қатысушылар Қостанай мен Астанаға аялдады. Ендгі мақсат Семей мен Қытай шекарасындағы асуларды алу. Жалпы екі апта ішінде автошабандоздар10 мың шақырым жерді еңсереді және оның жартысынан астамы жылдамдығы жоғары арнайы учаскелер болып табылады.

 

ВИКТОР СОКОЛОВ, «ЖІБЕК ЖОЛЫ-2017» РАЛЛИІНІҢ ҚАУІПСІЗДІК БОЙЫНША ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстандық трасса аса қызықты кезеңдердің бірі. Мұндағы табиғат әр қилы. Сондықтан сайыскерлерді көптеген тосын жолдар күтеді. Жарысқа қатысушыларға құмды, жазық, орманды, таулы-тасты жерлерді бағындыру қолдарынан келеді деп сенемін. Жергілікті әкімдік, құтқарушылар мен тәртіп сақшылары раллидің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуде.

Осымен 7-ші рет ұйымдастырылған «Жібек Жолы» ралли марафонының жеңімпаздары аспан асты елінде белгілі болады. Ұйымдастырушылыр трансұлттық жобаны Гиннестің рекордтар кітабына енгізуді көздеп отыр. Себебі осындай ұзақ бағдарды қысқа мерзімде жүріп өту әлі тіркелген емес. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер