Бокстан олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогын иеленген  алғашқы қазақстандық, кәсіпқой шаршы алаңда да жұлдыздай жарқырап ABF тұжырымындағы белдікті бірінші болып таққан Василий Жиров Астанаға келді. Соңғы 20 жыл бойы АҚШ-та тұратын данқты жерлесіміздің кезекті сапарының мақсаты – елімізде бокс академиясын құру. Себебі бүгінде бар тәжірибесін шәкірттеріне дарытып жүр. Балқаштың жолбарысы тәрбиеленушілерінің арасында жергілікті жастар басым болғанын қалайтынын жасырмады.  Былғары қолғап шебері жыл соңына дейін Астана мен Алматы қалаларында жас дарындарды іріктейтін жекпе-жек кешендерін ашуды көздейді.

 

ВАСИЛИЙ ЖИРОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН СПОРТ ШЕБЕРІ:

 -  Бұл жерде әуесқой боксшыларды тәрбиелейміз. Кәсіпқой шаршы алаңда қолғап түйістіріп көргісі келетіндері қазақстанда біліп түйгендерін АҚШ-тағы Академияда толықтырады. Бірқатар республикалық және халықаралық жарыстарды арнайы келіп тамашаладым. Талантты жастар өсіп келеді. Мен тек оларды кәсіпқой боксқа машықтап, ізбасарларыма қолдау көрсеткім келеді. Ол үшін бапкерлер мен материалдық базамыз жеткілікті.

 

Шәкірт баптауға бел буған Василий Жиров Kazakh TV арнасына сұхбат барысында Қазақстанда экологиялық жобаларды жүзеге асыруды ойлап жүргенін де тілге тиек етті. Оның қоршаған ортаны химиялық және мұнай қалдықтарынан тазарту, қоқысты қайта өңдеу бағытындағы бастамалары бар екен. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер