Астанада ат спорты түрлерінен «ЕХРО кубогы» үшін жарыс өтті. Елбасы жүлдесіне арналған сайыста еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларының шабандоздары өнер көрсетті. Тамашалауға келгендер әуелі ұшқыр бәйгеге жанкүйер болды. Жүзден - жүйрік , мыңнан тұлпар шыққаны жеңістің биік тұғырынан көрінді.

 

ЖАҚСЫЛЫҚ ҮШКЕМПІРОВ, ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ:

 - Біздің бабаларымыз осыншама жерді найзаның ұшымен білектің күшіменен осы тұлпардың үстінде отырып қалдырып кеткеніне біз өмір бойы тағзым етіп өтуіміз керек.Кейінгі жастарға берер өнегемізде өсиетімізде осы ұлттық ойындарымызды ары қарай дамытуымыз керек.

 

Ал тоқ бәйге ат жалына жаңа жармасқан бозбалалар арасында өрбіді. 8 айналымдық 15 шақырымда оза шауып, олжа салғандар қомақты сыйақыны қанжығасына бөктерді. Ат үстінде тік тұрып өнер көрсеткендер де тарту-таралғыдан кенде болған жоқ. Әсіресе, жанкүйерлер саятшылықты серік еткен серілердің бәсекесін қызықтады. Тазы иттердің жарысында кіл жүйріктер іріктелді 

   

ЕЛСИЯР ҚАНАҒАТОВ, ҚР МСМ СПОРТ ЖӘНЕ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Шетелден келген қонақтарға өзіміздің ұлттық дәстүрімізді спортымызды көрсетуге тырысып жатырмыз. Неге десеңіздер оларға мен ойлаймын  қызықты болады. Үш айдың ішінде осы жерде ұлттық спорт түрлерінің көріністері болып тұрады. Тағы да басқа жарыстарымыз бар. Көкпардан әлем чемпионаты, аударыспақтан әлем кубогы сияқты жарыстар көп.

 

Елге есігін айқара ашқан ЕХРО көрмесі аясында алда тағы 18 ауқымды спорттық шара ұйымдастырылады. Бұдан еліміздің барлық өңірлері қалыс қалмайды. Аймақтарда 20-дан астам ұлттық ойындар сайысын өткізу жоспарланып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер