Елордада муай-тайдан халықаралық турнир өтті. Қазақстандағы Таиланд елшісі тіккен жүлдеге жекпе-жек түрінің отандастары мен алаң иелері, Ресей және Қырғыз елінің мықтылары таласып, шеберлік байқасты. Кәсіпқой шаршы алаңда барлығы 7 кездесу өтті. Әрбірінде ұлттық құрама сапындағылар қарсы шыққан сырт мемлекеттен келген үздік файтерлерге төтеп беру керек болды. Төрт бірдей салмақ дәрежесінде бас жүлде алаң иелерінің қанжығасына байланды.

 

ЕЛАМАН САЯСАТОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ:

 - Тайландтықтармен кездесу қиын. Жалпы екінің бірі ұта бермейді. Тайландтық спортшыны ұттым. Өзіміздің жерімізде болған соң шегініп ұтылуға жол жоқ. Алдағы уақыттада муайтай спортынан Қазақстанның туын көтере бергім келеді.

 

Муай-тайда өзге спорт түрлеріндей былғары қолғапты жұдырықпен түйреп, аяқ-қолды үйлесімді жұмсау жеткіліксіз. Сан ғасырлық ғұрыптық рәсімдері сақталған жекпе-жекте соққылар шынттақ, тізе, баспен де жасалады.

Күш-жігер сыналатын шара барысында Тайландттың беделді спорт мектептерінің тәрбиеленушілері бабалар мирас еткен ұлттық спорт өнерінің қыр-сырын танытатын қойылым ұсынды.

 

ЧАИСИРИ АНАМАРН, ТАИЛАНД СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Қазақстан мен Тайланд арасындағы ынтымақтастықтың орнағанына 25 жыл болды. Ширек ғасыр бойы саяси, экономикалық әріптестікпен қатар, мәдени байланысымыз  үзілген емес. Тек ілгері дамып келеді. Спорттық шаралармен алмасу жағы да дұрыс жолға қойылған. Өйткені қос елде халқының салауатты өмір салтына үлкен мән береді.  

 

Жалпы, тай боксы елімізге өткен ғасырдың 90-шы жылдары келген. 1998 жылы муай-тай федерация құрылды. Одан бері жергілікті файтерлерді әлем мойындап, 40-тан астам халықаралық дәрежедегі спорт шебері дайындалды. Қазақстандықтар жекелей сында құрлықтық, әлемдік додаларда топ жарып, ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте көш бастап келеді. Қазір әлем бойынша етек жайған бұл спорт түрін Олимпиада жарыстарының қатарына енгізу жағы қарастырылып жатқанын айта кетейік.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер