Түркияда халық ойындары мен мәдениет фестивалі өтті. Айтулы шара биыл 843 спортшының басын қосты. Олар көкпар, күрес, жамбы мен садақ ату, асық ойыны сынды түркі халықтарының дәстүрлі ойындарының 11 түрінен бақ сынады. Алайда көрермен ат жарыс, «майлы күрес» пен «аба күресін» ерекше қызықтап отырды. Осы жолы әр аймақтың намысын қорғауға 300 балуан белдесуге шықты. Оның 45-і ел аузында жүрген атақты балуандар екен. 

 

ДУРМУШ ӨНДЕР, ТОКАТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Фестивальге атқа міну үшін арнайы келдік. Бірақ күрес тартысты өтіп жатыр. Сондықтан сайыстан көз алмай тамашалап отырмыз. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Өйткені халқымыздың дәстүрлі ойындарын, мәдениетін жаңғыртуда іс-шараның маңызы өте зор. Әсіресе өскелең ұрпақ ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіріп, оған барынша қамқорлық танытып отырғандығы көңілге медеу болды.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атануға әркімнің-ақ таласы бар. Себебі сайыс жеңімпаздарын бағалы сыйлықтар мен халықтың ыстық ықылас-құрметі күтіп тұр. Мұнда құралайды көзге атар мергендер де іріктеліп қалды. Нысана көздеуден Ыстамбұлдың Оқмайданы ауданында 1453 жылы Фатих Сұлтан Мехметтің тапсырмасымен іргесі қаланған садақшылар мектебінің шәкірттері көш бастап тұр.

 

СЕЛЬМАН АЛПАК, САДАҚ АТУ НҰСҚАУШЫСЫ:

 - Садақ ату - біздің дәстүрлі спортымыз, соғыс өнеріміз. Әлемде садақ атпаған халық жоқтың қасы. Осман империясында ұрыс-соғыстың бұл түрі қарыштап дамыды. Қазіргі таңда аздап ұмыт қалғанымен мемлекеттік қолдаудың арқасында қайта жандана бастады. 

Фестивальде 28 киіз үй тігілді. Оның ішінде этномәдени бірлестіктер өздерінің қолөнер мен тұрмыстық бұйымдарын көпшілікке таныстырды. Қазақ диаспорасы ерлер мен әйелдерге арналған бас киім үлгілері, былғарыдан тігілген заттар мен көздің жауын алатын әшекей бұйымдарын көпшіліктің назарына ұсынды.

 

СЕРКАН ДИНЧТҮРІК, ҚАЗАҚ-ТҮРІКІ ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Біз диаспора қазақтары болып, қазақтың киіз үйін тігіп, келген түрік халқына қазақтың дәстүрін, өнерін танытып отырмыз. Оның артынан біздің жігіттеріміз «Қара жорға» биін билеп, қонақтарға домбыраны көрсетті.

4 күнге созылған дүбірлі шарада этномәдени бірлестіктер сахналық көріністер қойды. Қазақ пен қырғыз диаспоралары «Қыз ұзату» дәстүрін көрсетіп, халық әндерін шырқады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер