Дүние емес, қызықты естеліктер жина! Бұл – Ұлыбританияны велосипедпен шарлап шыққысы келген қос қазақстандықтың ұраны. Қуат пен Зобар Корольдікті аралап қана қоймай, осында өмір сүріп жатқан қазақстандықтар туралы деректі фильм және сапары жайлы бейнекүнделік түсірмек.

1 ай, 2 жиһангез және 2000 километр. Қуат Болатов – саяхаттың адамы. Өткен жылы ол Еуропаның 7 елін аралап шықты. Бұл жолы досымен бірге Корольдіктің ауыл-аймақтарын шарлап шықпақ. Жоспарларының бірі – Ұлыбритания халқына Қазақстанды әйгілендіру.

 

ҚУАТ БОЛАТОВ, САЯХАТШЫ:

 - Бір мақсатым – Ұлыбританияда тұратындарға Қазақстанның қандай мемлекет екенін, қандай жетістіктер бар екенін, қандай ұлт тұрады екенін, қандай табиғаты бар екенін, соны көрсету.

Қасына ергені –Зобар есімді бейнеоператор.

 

ЗОБАР ЯДИГАРОВ, САЯХАТШЫ :

 - Мен барған жерлерімнің барлығында фотобейнетүсірілімдер жасаймын. Солармен бөлісемін. Сапардан естелік деп осыны айту керек.

Британиялық жазушы Ник Филдинг саяхатшыларға батасын және қолтаңбасы қойылған кітабын тарту етті. Айта кету керек, Филдинг Қазақстанды ХІХ ғасырда еуропалықтардан алғашқы болып зерттеген Томас және Люси Аткинсондар туралы қалам тербегенімен танымал. Оксфордтық жазушы жігіттерді туған қаласына шақырды. Қазақстанға өзі барғынында тәнті еткен қазақы қонақжайлық көрсететіндігін айтты. Бұл күні велосипедшілермен «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан студенттер де кездесті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер