Шаңғышы қыздарымыз Алматыдағы бүкіләлемдік қысқы универсиаданың күміс жүлдегері атанды. Әйелдер арасындағы эстафеталық сайыста Анна Шевченко, Ольга Мандрика және Ирина Быкова үштігі жарыс жолына шығып ел қоржынына төртінші күміс медальды салды. Орыс құрамасы біздің қыздардан 52 секунд бұрын келді. Эстафетаның қола медалі Франция қыздарына бұйырды.

ОЛЬГА МАНДРИКА, ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДАНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ:

Ең алдымен біздің шаңғыны майлап дайындайтын жаттықтырушыларға алғыз айтамыз. Олар бізге дұрыс нұсқау беріп, қай кезде жылдамдық қосып, шабуылға шығу керек екенін дер кезінде айтып отырды. Енді алтынға сәл жетпей қалды. Бірақ біз үшін күмістің өзі жетістік.

ИРИНА БЫКОВА, ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДАНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ:

Мен соңғы болып жарысқа шықтым. Сондықтан маған екі есе жауапкершілік жүктелді. Аздап сенімді ақтай алмай қалдым деп ойлаймын. Алайда еркін әдіспен жүгіруде мен бұған дейін 16-орындардан көрініп жүрдім. Сондықтан сәттілік орыстарда болды.

Шаңғыдан командалық эстафета жарысынан еліміздің ерлер командасы да күмісті еншіледі. Бұл сайыста ел намысын Сергей Малышев, Виталий Пухкало, Ринат Мухин, Олжас Климин қорғады. Ресейліктер осы сындағы екінші бас жүлделерін алды. Ал қола чехиялық шаңғышыларға бұйырды.

СЕРГЕЙ МАЛЫШЕВ, ШАҢҒЫ ЭСТАФЕТАСЫНАН ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДАНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ:

Ресейдің екінші құрамы да мықты. Медальға талас өте тартысқа толы болды. Жігіттердің бәрі де қолдан келгенше тырысып бақты. Орыстарда қателік жібермей, соңына дейін алысты. Сондықтан соңғы метрге дейін жан алып жан берістік.

Шорт-трек сайысынан еліміздің қоржынына тағы екі медаль түсті. Финал жолдамасы сарапқа салынған жарыста, жерлесіміз Абзал Әжіғалиев күміс, Денис Никиша қола жүлдеге қол жеткізді. Сөйтіп ұлттық құраманың қоржынында 10 алтын, 6 күміс және 11 қола бар. Жалпыкомандалық есепте Ресейден кейінгі екінші орындамыз. Үздік үштікті Оңтүстік Корея қорытындылап тұр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер