Универсиаданың төртінші күнінің нәтижесі бойынша Қазақстан қоржынында 15 жүлде бар. Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Фристайлдағы могулда Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд мықты екендерін тағы бір дәлелдеді. Шаңғымен көкке қарғып, ауада өнер көрсетуді талап ететін бұл спорт түрінде отандастарымыз озық болды.

ДМИТРИЙ РЕЙХЕРД, УНИВЕРСИАДА ЧЕМПИОНЫ:

Біз осы жарысқа әбден дайындалдық. Әлем кубогы жолындағы жарыста шыңдалдық. Шелектеп тер төктік. Енді міне, бейнеттің өтеуін көріп отырмыз.

ЮЛИЯ ГАЛЫШЕВА, УНИВЕРСИАДА ЧЕМПИОНЫ:

Испанияда чемпион атандық қой. Өз жеріңде жеңіске жетудің жөні басқа. Қуанышымда шек жоқ.Алда жарыстар күтіп тұр. Енді соған дайындаламыз.

Галина Вишневская - қазақ биатлонындағы жарық жұлдыз. Ванкувер олимпиадасының алдында өзінің талант екенін танытқан Семей қызы сол кезде-ақ мамандар назарына ілінген. Универсиада бағдарламасына енген қысқа қашықтықта ұшқырлық танытқан Вишневская жеті жарым шақырымда ширақ жүгірді. Нысана көздеуде де мергендік танытты. Украиналық Яна Бондарь мен Ресей қызы Анастасия Егоровадан озып, алтын медаль иегері атанды. Ерлер спринтінде Роман Ереминнің үшінші орын алғанын да айта кеткен жөн.

ГАЛИНА ВИШНЕВСКАЯ, УНИВЕРСИАДА ЧЕМПИОНЫ:

Жарыс алдында қатты қобалжыдым. Өйткені алғашқы жарыста қателіктер жіберіп, екінші келдім ғой. Осы жолы біршама жинақы өнер көрсеттім, нәтижесі сіздерге мәлім.

Шаңғышылар арасында қысқа қашықтықта классикалық жүрісті қапысыз меңгерген он сегіз жасар Иван Люфт алтын медаль иегері атанды. Ресей шаңғышылары Владимир Фролов пен Егор Березин, Юрий Гаврилов талайға дейін алда жүрді. Нәтижесінде Иван жеңіске жетіп, Фролов екінші орынды қанағат тұтты. Березин – қола жүлдегер. Қазақстандық Олжас Климин – төртінші. Александр Малышев алтыншы орында тұрақтады. Қыздар арасындағы спринтте Анна Стоян қола жүлдегер атанды.

ИВАН ЛЮФТ, УНИВЕРСИАДА ЧЕМПИОНЫ:

Жеңіске жететініме сенімді болдым. Жігер таныту керек деген. Шама келгенше жаттықтырушылар нұсқауын орындауға тырыстым.

Мәнерлеп сырғанаудағы мықтымыз Айза Момбекова алғашқы ондықтан көрінді. Бұл жолы жүлде Ресей қыздарына бұйырды. Елизавета Токтамышова топ жарса, Елена Родионова екінші орында тұрақтады. Біздің Жансая Әдіханова мен Вероника Шевелева де өз өнерлерін паш етті. 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер