Алматыда Бүкіләлемдік Универсиада жалғасуда. «Медеу» мұз айдынында қыздар ұзақ қашықтыққа жүгірді. Үш мың метрді еңсеру шеберлікке сын еді. Қазақ елі туы астында өнер көрсететін Татьяна Климчук бесінші орыннан табылды. Беларусь спортшысы Марина Зуева алтыннан алқа тақса, күміс жапониялық Нана Такахашиға бұйырды. Ал ресейлік Елена Сохрякова қоланы қанағат тұтты. 500 метрлікте күш сынасқан жігіттер арасында біздің Роман Креч - жетінші, Артем Крикунов - тоғызыншы. Алтын медаль кореялық спортшы Минкуға бұйырды.

Мәнерлеп сырғанауда қыздар арасында Қазақстан атынан Айза Мамбекова, Жансая Әдіханова және Вероника Шевелева өнер көрсетті. Үшеуі де қысқы Универсиаданың еркін бағдарламасына квалификация алды. Қазақстандық қыздар арасындағы үздік нәтижеге Айза Мамбекова ғана қол жеткізе алды. Ол 42.41 балл жинап, 16-шы орыннан көрінді. Қысқы бағдарламаны күрделі жасаған ол аздап сүрініп қалды.

АЙЗА МАМБЕКОВА, МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУШЫ /ҚАЗАҚСТАН/:

Бірінші секірімде сальхов тулуп, үш айналым сальхов, екі айналым тулуп болу керек еді. Бірақ өкінішке қарай сәті келмеді. Шынын айтсақ, өте шулы өте ыстық қабылдағаннан кейін шығар.

Шаңғы қоссайысында екі бірдей спортқа икемі барлар өнер көрсетеді. Шаңғы байлап биіктен секіреді, содан кейін Гундерсен әдісімен он шақырымға жүгіреді. Қазақстан намысын бес бірдей жігіт қорғаған еді. Жүлдеге ілінген ешкім жоқ. Ұзағаны – Шыңғыс Ракпаров. Жиырма жасар спортшы он сегізінші орынды қанағат тұтты. Расул Гайырбеков жиырмасыншы, Эльдар Оруссаев одан кейін тұр. Бас жүлде Ресей спортшысы Вячеслав Барковқа, одан кейінгі екі медаль Польша спортшыларына тиесілі.

Тау шаңғысындағы жарыста қыздар арасында ресейлік Анастасия Силантьева ешкімге дес бермеді. Беларусь қызы Мария Шканова - күміс жүлдегер. Қазақстандық Мария Григорова 25 орында.  Ерлер арасында латыш спортшысы Кристпас Звежниекс топ жарды. Қазақстандық Захар Кучин жиырма сегізінші  орында тұрақтады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер