Алдағы Универсиадада мәнерлеп сырғанау жарыстары Almaty Arena мұз сарайында өтеді. Тартысты бәсеке 1 ақпан күні қыздардың қысқа бағдарламасынан басталады. Әйелдер арасындағы жеке разрядта Қазақстан намысын Жансая Адыханова, Айза Иманбек пен Вероника Шевелева қорғайтын болады.

Үкілі үміттің бірі Жансая Адыханова спорттың бұл түріне денсаулығын түзету мақсатында келгенін айтады. Жансая жасөспірімдер арасындағы Гран-при серияларының кезеңдеріне, түрлі халықаралық жарыстарға қатысып біраз шыңдалған. Ал Универсиада ересектер арасындағы алғашқы турнирі болмақ.

ЖАНСАЯ АДЫХАНОВА, МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУДАН ҚР СПОРТ ШЕБЕРІ:

Мен негізі өзім кеш бастағанмын. Көптеген балалар жастары 4-5-терде бастайды. Ал мен өзім 11 жасымда бастағанмын. Осы 5 жылда жақсы көрсеткіш көрсеттім деп ойлаймын.

Әлемдік аренада ел мерейін асқақтатсам деп армандап жүрген жастардың бірі Айза Иманбек. 4 жасынан мәнерлеп сырғанау спортын серік еткен Айза жеңістің оңай келмейтінін жақсы біледі.

АЙЗА ИМАНБЕК, МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУДАН ҚР СПОРТ ШЕБЕРІ:

Сағат 6 жарымда тұрамын. Содан кейін сағат 7 де мұзым басталады. Мен таңертең Мегада сырғанаймын. Сол жерде бапкеріммен айналымдарды істейміз. Одан кейін кішкене демалып, күшімді жинап тамақ ішіп осы жерге келеміз. Осы жерде 2-3 сағат мұз болады.

Вероника Шевелева да Универсиада кезінде аянып қалмаймын деп отыр. Көрермен тарапынан Қазақстанның үш дүркін чемпионы Элизабет Тұрсынбаева қайда деген сұрақ туындауы мүмкін? Элизабеттің жасы толмағандықтан бұл Универсиадаға қатыса алмайды. Жалпы Алматы Аренада өтетін жарысқа Ресей, АҚШ, Жапония мен Кореядан да мықтылар келеді. Сондықтан бәсекенің тартысты болатынын анық.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер