ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу құрметіне Астанада балалар мен жасөспірімдер арасында шахматтан турнир өтті. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің қатысуымен өткен шараның салтанатты ашылуына ФИДЕ президенті Кирсан Илюмжинов және шахматтан 12-ші әлем чемпионы Анатолий Карпов қатысты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

 

Сондай-ақ, Кирсан Илюмжинов пен Анатолий Карпов шахматтан халықаралық турнирлардың бірнеше дүркін чемпионы Динара Сәдуақасованың шахмат академиясында болды.

 

«Әкімнің шақыруымен Астанаға халықаралық шахмат федерациясының президенті Кирсан Илюмжинов пен шахмат аңызы 12-ші әлем чемпионы Анатолий Карпов келді. Балалар құрметті қонақтарды көріп, шабыттанып, одан әрі жетілуге ынталана түседі деп ойлаймын. Осы сапарлары барысында олар менің жақында ашқан академияма келгендеріне қуаныштымын. Мен үшін ең бастысы - мықты шахматшыларды тәрбиелеп шығару, осы академияның қабырғасында болашақ әлем чемпиондарын өсіріп шығарамыз деп сенемін», - деді Динара Сәдуақасова.

 

Чемпионның айтуынша, астаналықтар шахмат ойынына үлкен қызығушылық танытуда. Сол себепті Жаңа жылға қарай спортшы ғимаратын кеңейтуді көздеп отыр. Бұл істе оның басты көмекшісі әрі демеушісі - анасы Орал Өтешева.

 

«Динара жақында алғашқы қайырымдылық сеансын өткізіп, жиналған қаражатты жоғары білім алғысы келетін, алайда мүмкіндіктері жоқ ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсетуге жұмсады. Қазір ол өзінің жаңа кітабын баспаға дайындап жатыр, ал бірінші кітабы 2014 жылы жарық көрген. Бұл шахмат ойнағысы келетін барлық қазақстандықтар үшін көмек болады деп есептеймін», - деп мәлім етті шахматшының менеджері Орал Өтешева.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер